Әдемі киімдерін киіп, жарасқан бірлігімізді ұрандатып орталық көшемен жүріп өтті. Аға буынмен жастар да жайдарлы көңілмен «Қазақстан жасасын!» - деген ізгі тілектері жарасымдылық тапты
Барлығының тілегі ортақ. Еліміз аман, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын деп бата береді қариялар. Аудан әкімі де мерекелік шеруде тұрғындармен бірге басты байлығымыз - бірлігіміздің беріктігін байқатты. Құттықтау сөзінде бейбітшілігімен барша әлемге танылған беделді мемлекетімізді биік белестерге бастауы – басты мақсатымыз деп атап өтті. Бүгінде Абай ауданында да көптеген ұлттар бір үйдің баласындай өмір сүріп жатыр. Аудан әкімі ақ тілегін ақтарған соң, биыл Астана төрінде өтетін халықаралық деңгейдегі «ЭКСПО» көрмесінің билеттерін этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілеріне табыстады. Барлығы 70 билет үлестірілді. Енді, елдің бірлігін бекем етуге өз үлестерін қосып жүрген әр орталықтың мүшелері Елордаға барып, жыл жаңалықтарын өз көздерімен көре алады. Азаттық - бабалардың арманы мен аманаты екенін жас ұрпақ жақсы түсінеді. Алаңсыз көңілмен асыр салып, мерекені тойлап жатыр. Тетарландырылған көріністі тамашалай отырып, ынтымағы жарасқан қазақ елінің бірлігіне сүйсіндік. Мерекені жұдырықтай жұмыла тойлауға келген тұрғындардың көңіл күйін жергілікті өнерпаздар әсем әндерімен, көркем билерімен көтерді. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстар өз өнерлерін көрсетіп, Тәуелсіз елімізге арналған патриоттық шығармаларды орындады.
Асылбек ТОЙБЕК