Мерекелік шара аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен басталды. Шараға жиналған үлкен-кіші ұлы Отан соғысының ардагерлері Жақия Мұсатаев пен Алияр Хайруллинді құрмет-қошеметпен қарсы алды
Ал «Мәңгілік полк» шеруіне : Ұлы Отан, Ауған, Тәжік-ауған соғысы ардагерлері, қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен мекеме басшылары және жас сарбаздар қатысты. Одан кейін орталық саябақтағы «Азалы ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері әуеге енді соғыс болмасын деген тілекпен оқ атты. Аудан әкімі Х.Мақсұтов құттықтау сөзінде сұрапыл соғыс батырларына, жеңіс жолында өжеттілік танытқан халық ерлігіне тоқталып, «ерлікке тағзым ету біздің перзенттік борышымыз» деп атап өтті. Майдангер Жақия Мұсатаев бейбіт заманның ұрпақтары әрдайым Тәуелсіздік туын биікте ұстасын!- деген тілегін жеткізді.Тұрғындар театрландырылған қойылымды тамашалап, жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Ардагерлерге табиғат аясында әскери палаткада мерекелік дастархан ұйымдастырылды.
Асылбек ТОЙБЕК