Мәселен, Плясовица отбасы Жеңіс күніне шын ниетпен дайындалып, мынадай шағын техника құрастырып шығыпты. Аталары Михайл Плясовица осыдан 3 жыл бұрын өмірден озыпты
Абай ауданында бүгінде 6 ардагер ғана қалған. Өкінішке қарай, тек майдангер Иван Макаров қана мерекелік шараны тамашалауға келді. Аудан әкімі құттықтау сөзінде Ұлы Отан соғысы жылдарында жанын пида еткен, елiмiздi жаудан қорғаған батырлардың есiмiн ешқашан бүгінгі және келер ұрпақ ұмытпайтынын айтты. Қан майданнан кейiн елiмiздi қайта қалпына келтiруге атсалысқан құрметтi ардагерлерге, тыл еңбеккерлерiне, аудан тұрғындары атынан шексiз алғысын жеткізді. Орталық алаңдағы театрландырылған қойылымда Кеңес Одағының батырлары: Нүркен Әбдіров, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рахамжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы секілді біртуарларымыздың ерлегі мен еліне деген махаббаты көрсетілді. Жылдам әрекет ететін арнайы отряд ел қорғаны берік екенін көрсетсе, 6505 әскери бөлімі, ІІБ қызметкерлері, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары мен Абай қаласы мектебінің оқушылары алаңда сап түзеп өтті. Мәдениет үйінің өнерпаздары соғыс жылдарындағы оқиғалар мен сәттерді тұрғындарға жеткізуге тырысты. Солдат ботқасы таратылып, соғыс және тыл ардагерлеріне арналған күркеде ас берілді. Арнайы дайындалған концерттік бағдарлама да тек соғыс, жеңіс тақырыбындағы әндер шырқалды.
Асылбек ТОЙБЕК