ЖЫРАУ ЖӘДІГЕРЛЕРІ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

16:29, 21 қыркүйек 2018

Зар заман ақыны ШортанбаЙ Қанайұлының 200 жылдығына арналып Шет ауданының археологиялық-этнографиялық музейінде зал ашылды. Мұнда жырау қолданған құнды жәдігерлер қойылған

Биыл қоғам қайраткері, ірі идеолог Шортанбай жыраудың 200 жылдығын атап өтудеміз. Айтулы датаға арналған шаралар өңірімізде жалғасын табуда. Шет ауданының археологиялық-этнографиялық музейінде таутұлға мұраларына арналған зал ашылды. Шараға жыраудың ұрпақтары мен алыс-жақыннан қонақтар келді. Тарту-таралғыларын жасап, ұлы дарын иесінің ұлт тағдыры жолындағы ерліктері мен еңбектері туралы тілге тиек етті.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Шортанбай жырау ұрпағы:

-Осындай ұлы адамдардың өмірбаянын ұрпаққа жеткізу деген сөз – бұл ұрпақ сабақтастығының бірден-бір ең тиімді, ең ұлағатты жолы деп есептейміз. Сондықтан біз енді қуана-қуана Сыр еліне сіздердің сәлемдеріңізді жеткіземіз. 

Жаңа залда Шортанбай жырау қолданған құнды жәдігерлер қойылған. Оның ішінде ерекше көзге түсетіні мына пәуеске. Бұдан бөлек диірмен, леген тағы да басқа заттар бар. Сонымен қатар, биыл бұл музей өзінің 30 жылдығын атап өтуде. Рухани орда алғаш рет қоғамдық негізде құрылған.

Салтанат ҚАМЫТБАЕВА, Шет ауданының археологиялық-этнографиялық музей директоры:

-Келер ұрпаққа осы халық қолынан жинақталған жәдігерлерді таныстыру, насихаттау, оларды ғылыми тұрғыда зерттеу, содан кейін келер ұрпаққа оны мұра етіп қалдыру жолында музей үздіксіз жұмыс істеп келеді.

Бүгінде мұнда 5 зал бар. Оның 3-інде халық қолынан жинақталған этнографиялық жәдігерлер қойылған. Олардың саны мыңнан асады. Бұдан бөлек ауданның тарихы осында тұнып тұр. Мерейтойға апрналып барлық зал жаңартылып, толықтырылған.

Асылбек ТОЙБЕК

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар