ЖЫЛУ САПАСЫ НЕГЕ ТӨМЕН?

12:27, 13 қаңтар 2021

Кеншілер шаһары жылу маусымына толық дайын емес болып шықты. Мұны жергілікті жауапты энергетиктердің өздері мойындады. Сарышұнақ аязда үйлеріндегі жылудың сапасына көңілдері толмаған қараша халықтың мәселесі егжей-тегжейлі қаралды. Толассыз түскен шағымдардан кейін шаһар басшысы жылу жүйесіндегі олқылықтарды саралап, жауапты сала иелеріне жағдайды оңалтуды қадап тапсырды

Қыстың қаһарлы мінезі қаладағы коммуналдық қызметтердің сапасының сын көтермейтінін айқындап бергендей. Тиісті жылу деңгейінің пәтерлерге жеткілікті бармауының негізгі себебі де бар. Сынап бағанасы -20 градустан төмендеген сайын қазандықтардың жылытуға күші жетпейтін көрінеді. Қалада бой көтеріп жатқан жаңа тұрғын-үй кешендері, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысандардың көптеп салынуы да жылу деңгейінің дұрыс берілмеуіне себеп, - дейді сала иелері.

Андрей ЛЯПУНОВ,  Қарағанды энерго-орталығының бас директоры:

- Далада ауа температурасы -20-дан жоғарылаған бойда қазандықтың  үйлерді жылытуға деңгейі жетпейді. Ауа райы салқын қабақ танытқан сайын бұл мәселе орын алады. Мәселені жою үшін жаңа қуат бекетін салу керек. Онсыз жылу тапшылығы аңғарылатын болады.

Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сақылдаған сары аязда жылу деңгейінің неліктен бәсеңдеп кеткенін анықтаған. Бұл мәселені шешу үшін  №3 жылу электр-орталығыда (ЖЭО-3)-тен үшінші жылу құбырының құрылысы және жылу желілерін оқшаулауға қаражат бөлу ұсынылды.

Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ, Қарағанды қаласының әкімі:

–Ұзаққа созылған аяз біздің қаланы жылыту деңгейіндегі  олқылықтарды көрсетті. Сапасыз жылумен қамтуға байланысты шағымдар да түсе бастады. Негізінен Сұрыптау, Пришахтинск, Майқұдық және Оңтүстік-Шығыс аудандарынан наразылықтар келіп түсті. Осы кезеңде берілген жылыту үшін қайта есептеу жүзеге асырылады. "Теплотранзит Караганда" және аудан әкімдіктері бұл сұрақпен айналысуда. Бұл мәселені біз бақылауда ұстаймыз.

Жылумен қамтамасыз етуді реттеу үшін бірнеше шешім ұсынылды. Станция температуралық кестені сақтауға көшуі керек. Бұдан бөлек, суды химиялық тазарту тәсілін жүзеге асыруы тиіс. Үшіншіден  жылу шығару жобасын іске асыру да маңызды. Жақын арада облыстық және қалалық әкімдіктер "Қарағанды Теплотранзит" ЖШС қаржылай қолдау көрсететін болады. Құбырларды жылытқыш материалдармен оқшаулауға және жөндеуге қаражат бөлу жоспарланған. Станцияның мүмкіндіктеріне қарай салынып жатқан нысандарды жылумен жабдықтау үшін техникалық шарттардың берілуіне бақылау күшейтілмекші.

Бекет КӨШЕҒҰЛОВ,  коммуналдық мәселелер жөніндегі  қала әкімінің кеңесшісі:

-Тұтынушылардың қосылған жүктемесі кезіндегі нормативтік ысыраптарды ескере отырып, тапшылық сағатына 250 гигокалориді (Гкал/сағ.) астам құрады, тапшылықтың өсуінің басты себептерінің бірі станцияның нормативтік температуралық кестесінің сақталмауы, сондай-ақ магистральдық желінің бірінші және екінші кезегінің өткізу қабілетінің болмауы болып табылады. Сонымен қатар, желтоқсан-қаңтар айларында №3 жылу электр орталығындағы №6 турбинасын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде екі қазандық резервте болды.

Ермағанбет Бөлекпаев аудан әкімдеріне тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындауға көбірек көңіл бөлуді қадап тапсырды. Шаһар басшысы келесі жылыту маусымының басталуын күтпей алдын алу шараларын бүгіннен пысықтау керектігін атап өтті. Ол үшін сала жетекшілері  бүгінгі күні элеватор тораптары мен жертөле үй-жайларын жөндеуді қажет  ететін үйлердің санын анықтауы қажет.  

 Азамат СЕРІКХАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар