«ҚҰЛАН» - ҚҰТТЫ БАҒДАРЛАМА

16:47, 14 қазан 2020

Ата кәсіп - елге нәсіп. Бұл Шет ауданына қарасты Еркіндік ауылының тұрғыны Тілеухан Мұқашевтің өмірлік ұстанымы. Қамбар ата баласының қыры мен сырын жетік білетін кәсіпкер береке көзін жылқыдан тапты. Ірі фермер жеңілдетілген пайызбен несие алып, табысын еселеді

Тілеухан Мұқашев жылқы десе ішкен асын жерге қоятын ел ағасы. Әр сөзін ісімен дәлелдейтін кәсіпкер табыстың көзін Қамбар ата баласынан табуды ойлайды. Тәуекелдің төресі еңбек деп білген бизнесмен 2012 жылы «Кәусар» шаруа қожалығын құрады. Тұлпар болатын жүйрікті жүзінен жазбай танитын азамат «Құлан» бағдарламасы бойынша 50 миллион теңге несие алып, 200 бас жылқы сатып алған.

Тілеухан МҰҚАШЕВ, «Кәусар» шаруа қожалығының жетекшісі:

-Әкем Тұрсын Еркіндік бөлімшесінде 19 жыл жетекшілік етіп, басқарма басшысы болған. Әкеміздің жолын қуып, әрі қарай жалғастырып жатқан жайымыз бар. Мемлекет тарапына көп рахмет. Көмек ретінде субсидия алып жатырмыз.

Мемлекеттің мол мүмкіндігін сезінген кәсіпкердің шаруасы жүріп, тірлігі төрге озып тұр. Небәрі 8 жылдың арасында Тілеухан аға Қамбар ата баласының санын 500-ге жеткізген. Жерсінбейтін, қазысы екі елі беретін   жабы тұқымды жылқылар жайылымда шұрқырап, шұбырып жүр. Ал, қожалық иесі қарамағындағы еңбеккерлердің бәрінің жағдайын жақсартудан жалыққан емес. Бүгінде фермер 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі Роман Заенковский. Алдындағы жылқыларды адал баққанның арқасында оның тұрмысы түзеліп, тұрақты табысқа кенелген.

Роман ЗАЕНКОВСКИЙ, жылқышы:

-Маған барлық жағдай жасалған. Тамақ тегін. Айлығым жеткілікті. Тілеухан аға өзіме арнап енші ретінде тегін мал да берді. Осылайша мен еш алаңсыз, жайлы өмір кешіп жүрмін.

Жылқыны бағып қана емес, аламанға арғымақ қосып жүрген Тілеухан Мұқашевтің бәйгеге шабатын сәйгүліктері де іші қызып, төрт тұяғы жер тарпып, бабында тұр. Мұнда араб пен ағылшынның асыл тұқымды айғырлары бар. Атбегінің зәңгірдей қорасы да заман талабына сай.

Бүгінде Шет ауданы бойынша 1000-нан аса қожалықтардың алпыс пайыздан астамы жылқы шаруашылығымен айналысуға түбегейлі бет бұрған. Шөбінен шөккен түйе көрінбейтін жайылымы шұрайлы өлкедегі Қамбар ата баласының саны 56 мыңнан астам.

Мақсат ЖҰМКИН, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

-Енді осындай азаматтарымызды қолдауға тырысамыз. Әрине, ол бір жақсы үрдіс. Жылқының көбейгені жақсы.

Айта кетейік, ағымдағы жылы аудандағы 14 шаруашылық несие алып, 2000-ға жуық жылқы сатып алынған. Қысқасы, ата кәсіп фермер үшін көл-көсір пайданың қайнар көзіне айналатыны ақиқат.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар