ЖОЛДЫҢ САПАСЫ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ

16:58, 20 тамыз 2019

Біздің жедел желімізге Жаңаарқа ауданына қарасты Түгіскен ауылының тұрғындары хабарласты. Жергілікті жұрт ауылдың ішкі жолдарының сапасыз жөнделгеніне наразы. Себебі елді мекен халқының айтуынша, мердігерлер өткен жылы асфальтты жартылай ғана жасап, 1 шақырымға жуық аумақты аяқсыз қалдырған

Бұл Түгіскен ауылдық округіндегі былтыр тамыз айында  жөнделген жолдың бүгінгі сұрықы.Тұрғындардың айтуынша, өткен жылы мардымсыз мердігерлер ауылдағы ішкі 4 шақырым асфальттың тек 3300 метрін жасаған. Қалған 1 шақырымға жуық  бөлігін  күн райының күрт  суытуына байланысты  асфаль төсеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған.Сөйтіп жауапты компания өкілдері 3 жылға кепіл береміз деп халықты сендірген.Алайда сапасы сын көтермейтін  тасжол бір жылға жетпей шұрық-тесік күйге айналған.Жөндеу жұмыстарына 70 миллионға жуық қаржы бөлінген.

Жәнібек Сексенбаев, Түгіскен ауылдық округінің тұрғыны:

-Сапасы жоқ екені анық. Аяз, жаңбыр жауып тұрғанда салған. Сол жартылай ұшып кетті. 700 метр салынбай қалды ақыры. Нәтижесі жоқ.

Ал Нұрбол Өмірәлі  ауылдың кедір-бұдыр асфальтының келбетіне   қатты қапалы.Онысы аздай ол  жауаптыларға айта –айта жүйкесі жұқарғанын айтады.Көлік жүргізушісі екі ай бұрын темір тұлпарын 100 мың теңгеге жөндетіп, шаш етектен шығынға  батқан.

Нұрбол ӨМІРӘЛІ, Түгіскен ауылдық округінің тұрғыны:

-Жол сапасыз. Оны халық біледі. Халықтың бәрі мұқтаж болған соң айтып жатыр. Ешкім тыңдап жатқан жоқ. Ешқандай шешім қабылданбаған. Өздеріңіз көріп тұрғандай жол ойқыш-ұйқыш. Бала-шағамыздың аузынан жырып машинаға сайман ала бермейміз ғой.

Түгіскен ауылдық окургінің тұрғыны Қайыржан Әбішевте асфальттың ойдым-ойдым көрінісіне көппен бірге  алаңдайды.Оның мәлімдеуінше мердігерлер жабынның астына қиыршық тас емес,керісінше таудың жақпар тасын төсеген көрінеді.

Қайыржан ӘБІШЕВ, Түгіскен ауылдық окургінің тұрғыны:

-Ақша бөлінген бюджеттен бәрінен. Мынандай тас болмайды ғой. Бізден өзімізден әкеледі де төсей салады. Сосын арнайы шебен шығаратын қондырғыдан  өтеді. Сосын барып төселеді. Мына жерде адамдар жүреді, көлік жүреді. Машиналар құрып жатыр.

Мәселенің мән-жайын білмек болып, бізТүгіскен ауылдық округінің әкіміне хабарластық.Өмірғали Кенжетаев мердігерді Жаңаарқа аудандық тұрғын үй –коммуналдық шаруашылығы және  жолаушылар көлігі  автомобиль жолдары бөлімімен бірге  экономикалық сотқа бергенін мәлімдеді.Әкім аталған проблема бойынша компанияның қызметкерлерімен телефон арқылы  тілдесе алмай отырғанын айтып ақталды.

Халықтың сөзінше былтыр күзде жұмысын орта  жолда қалдырған салғырт мердігерлер осы жазда келеміз деп құрғақ уәдені  үйіп –төккен екен. Бірақ  түсірілім барысында  компания өкілдерінің қарасында көрмедік. Енді билік  бұқара базынасына бейіл танытпаса, жергілікті тұрғындар құрығы ұзын құзырлы органдарға шағымданамыз деп тас түйін  бекініп отыр.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ, тілші:

-Жауырды жаба тоқығанменен, жараның жазылмайтыны белгілі. Түйіні тарқатылмайтын түйткіл туралы тұрғындардың билікке айта-айта тағаттары таусылып, таулары шағылған. Тіпті, мынандай кесек тастардың үстімен темір тұлпар түгілі тұрғындардың өзі жүруі мүмкін емес. Абайламасаңыз майып боласыз. 

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар