ЖОЛ САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

16:04, 16 қазан 2020

Жол сапсы жіті бақылауда. Қарағанды қалалық мәслихаттың депутаттары бұл жолы автомобиль жолдарының сапасын талқылады. Тұрақты комиссия мүшелерінің бірлескен отырысында халық қалаулылары қайта жаңғырған және кепілдік мерзімі бітпеген учаскелердің жай-күйімен танысты

Жол азабын жүрген білер. Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары жол құрылысының талапқа сай болуын үнемі бақылауда ұстайды. Алқалы жиын барысында қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Дүйсембеков бұл бағыттағы жұмыстарды баяндады.

Әлібек ДҮЙСЕМБЕКОВ, қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

 -Бүгінгі таңда қалада автомобиль жолдарының 163 учаскесі кепілдік қызмет көрсету мерзімінде. Бұл 206,7 шақырымды құрайды. Оның ішінде 47 жол учаскесінде кемшіліктер анықталды. Анықталған ақауларды жою бойынша негізгі жұмыстар ағымдағы жылдың мамыр айында жүргізілді. Бүгінгі таңда 47 учаскенің 29-ында ескертулер жойылды.

Жол активтері сапасының ұлттық орталығының өкілі Алексей Россоловтың айтуынша, автокөлік жолдары мен траспорттың коммуналдық шаруашылығы атынан тапсырыс беруші техникалық қадағалаумен жұмыс жасамайды. Нәтижесінде, сапа көңіл көншітпейді,- дейді.

Алексей РОССОЛОВ, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бөлім басшысы:

-Биыл біз Қарағанды қаласында 110 материалды сынақтан өткіздік. Олардың ішінде 33-і тиісті талапқа сай емес. Сәйкесінше, мердігерге хат жіберілді. Бұл орайда техникалық қадағалау жұмысы көңіл көншітпейді. Біз қазір техникалық қадағалау қызметіне де хат дайындап жатырмыз.

49-шы маршрут қоғамдық көлігі қатынайтын жол торабы жөндеу көргенімен сапасы сын көтермейді. Асфальт төсенішінің бір жерге жиырылуы, жол жабынында жарықшақтар мен шұңқырлар пайда болған.  Западная, Зональная көшелерінде, Бұхар жырау даңғылынан Асфальтная көшесіне дейінгі аймақтардағы жол құрылысын «Қазақ Жолы 2050» мердігер компаниясы жүргізген.  Аталған көшелердегі тасжолда ақаулар мен кемшіліктер баршылық. Дәл осындай жағдай Махметов, Серов, Жекебаев көшелерінде кездеседі. Бұл аумақтар «ТехСтройСнаб» ЖШС тиесілі.  Құрманғазы көшесі - «Құрылыс Сапасы» ЖШС-нің құзырында болса, Телевизионный көшесіндегі жолды - «Жібек ЖОЛЫ» ЖШС  жүргізген.  Сапасы сын көтермейтін жолдар басқа учаскелерде де кездеседі. Халық қалаулылары 2019-2020 жылдарға берген ұсыныстарды коммуналдық шаруашылық бөлімі ескермеген. Жол құрылысы құқықтық актілер шеңберінде жөнделуі тиіс. Алайда, көп жағдайда бұл  міндеттер елеусіз қалып, тапсырыс берушінің қалауы ғана орындалып жатады екен. Сол себепті мердігер ұйымдар межелі міндеттеріне атүсті қарайтынын да атап өтті. Техникалық қадағалау да  өз жұмыстарын дұрыс атқармайды деген пікірде. Сотта талап-арыз жұмысы дұрыс жүргізілмегендіктен, оң нәтиже болмайды, - дейді халық қалаулылары.

Халық қалаулылары алдағы жылдың жұмыс жоспарымен де танысты.  Сала басшысы Әлібек Дүйсембеков келесі жылы жөндеу көретін жолдардың тізімін ұсынды. Дегенмен комиссия мүшелері кейбір тұстарымен келіспейтінгін жеткізді. Себебі тұрғындардың пікірі, депутаттар мен қоғамдық кеңестің ұсыныстары ескерілмеген. Халық қалаулылары әбден тозығы жетіп, бірнеше жыл жөндеу көрмеген көше жолдары барын атап өтті. Алайда олар ескерусіз қалған.  Тізімде жоқ.

Кездесу қорытындысы бойынша, қалалық мәслихат депутаттары коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әлібек Дүйсембековтің жұмысын сынға алды. Олар сала басшысы жауапты қызметті дұрыс орындамауда деген  ортақ пікірлерін жеткізді.

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

"АРАЙ" БАЗАРЫН ӨРТЕГЕН ЕКІ КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
16:34, 23 қазан 2020
"АРАЙ" БАЗАРЫН ӨРТЕГЕН ЕКІ КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар