ЖОЛ САПАСЫ НАЗАРДА

14:19, 22 қазан 2020

Облыс орталығындағы кепілдік мерзімі бар кейбір жолдар мүшкіл хәлде. Мердігерлер жауапкершілікке салақтық танытқан. Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары арнайы рейдке шығып, біршама олқылықтарды анықтады.

Рейдке шыққан арнайы топ әуелі Телевизионная көшесінің  жолдарына барды. Мұнда кепілдік мерзімі ағымдағы жылы аяқталмақ. Ал, жолдың жай-күйіне жауапты компания аумаққа ат ізін салуды жөн көрмепті. Асфальт жабыны жарылып, күре жолдың кейбір тұстарындағы тесік-шұрықтар көзге оттай басылды. Мердігер үстінен арыз жазылып, сот барлық жұмысты аяқтауы тиіс - деген шешім шығарған. Алайда, бұл міндетті «Жібек Жолы» компаниясы сол күйі орындамаған.

Жол жобасына қатысты барлық өзгерістер қалалық коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің қадағалауымен жүзеге аспақ. Ендігі кезекте, жауапты ведомства  «Жібек Жолы» компаниясына қайта шағымданып, олардың кепілдік мерзімін келер жылға дейін ұзартуды көздеп отыр.

Нұржан ТАСМАҒАНБЕТОВ, қалалық коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Аталған ұйымға ағымдағы жылы арыз жаздық. Сот барлық қателіктерді түзету керек деген шешім шығарған болатын. Жекеменшік иелері компанияны сатып жіберген. Енді, қайтадан арыз жазып, мердігерге кепілдік мерзімін ұзартуды талап етудеміз.

Западная көшесінің бойындағы күре жолдың да жай-күйі көңіл көншітпейді. Мұнда да ойдым-ойдым жолдар, сөгіліп, үгілудің аз-ақ алдында тұрған асфальт жабыны көрініс тапқан. Ол аздай, көлік жүретін аумақта суағарлардың орналасу деңгейі де әртүрлі. Бұл қозғалысқа кедергі көрінеді. Ал, құдықтың қақпағының орынына көліктің дөңгелегін жауып қойған.   

Жоспарлы жұмысты «Қазақ Жолы 2050» ұйымы жүзеге асырған. Халық қалаулылары мердігерлерге өз тарапынан олқылықтың орнын толтыруға ұсыныс білдірді.

Осы тектес мәселелер Қазақстан, Седов көшелерінде де орын алған. Сәні кетіп, сұрқы қашқан жолдарда кепілдік жұмыстары сапалы жүргізілмеген.

Рейд қорытындысында, депутаттар мәселенің төркіні жобалық –сметалық құжаттардың шала болуынан деген пікір білдірді. Олардың айтуынша, жол жабынын жөндеуге арналған құрылыс материалдарының сапасы төмен. Сондай-ақ, халық қалаулылары өз тараптарынан атқарушы органға техникалық бақылауды үдетіп, мердігерлерді жауапқа тартуға ұсыныс білдірді.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ
14:01, 23 қараша 2020
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ
Толығырақ...