ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР?

17:20, 10 қазан 2019

Қарағанды облысында құрылысы қызу жүріп жатқан Республикалық маңызы бар жолдарды Премьер – министр Асқар Мамин өз бақылауына алған. Үкімет басшысы өңірге жұмыс сапарымен арнайы келіп, орындалған тапсырмалар барысын сүзгіден өткізді

Мемлекеттік маңызы бар жол сапасы қашанда басымдыққа ие. Аталған мақсатқа ел бюджетінен қыруар қаржы бөлініп, жұмысқа шетелдік ірі компаниялар тартылған. Бүгінде маңызды жоба жүйелі жүзеге асып жатыр.Нақтылай айтсақ, Қарағанды – Балқаш, Қарағанды – Теміртау тас жолдарын салу мен Солтүстік және Шығыс айналма автожолдарын қылпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде.

Күрделі жөндеу сәтті тәмамдалса, Қарағанды – Балқаш  төрт жолақты автобаны жүргізушілер игілігіне айналады. Жоспарлы құрылыс барысы кестеден еш ауытқымай, жөнімен жүзеге асуда. Жоба Орталық – Оңтүстік көлік дәлізін қайта қалпына келтіру деген атауға ие. Мұнда 2300 адам тер төгіп, нәпақа тапса, мыңнан аса техника жұмылдырып, жолды сапалы стандарттарға сай салуда. Осы орайда, үкімет басшысы межелі істі созбақтамай, келесі жылы тәмамдау керектігін атады. 

Жыл соңына дейін Қарағанды – Теміртау, Солтүстік және Шығыс айналма жолдары тапсырылуы тиіс. Қазіргі таңда төте жол қолданыста. Тек жол белгілерін орнату жұмыстарын аяқтау ғана қалған.

Жол айрығының құрылысы да тәмамдалуға шақ. Осылайша, облыс орталығын шамадан тыс көлік ағынынан арылту көзделіп отыр. Бүгінде Қарағандыны күніне 22 мыңға жуық көлік басып өтеді. Мұның бәрі ішкі жолдардың жағдайы мен экологияға кері әсерін тигізіп жатыр. 

Сондай – ақ, премьер – министр  Балқаш-Бұрылбайтал учаскесіндегі құрылыс қарқынын күшейтуді де жүктеді. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру арқылы Қарағанды облысының экономикасын ілгерлету мақсаты тұрғанын атап өтті.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар