«ЖИТС»-ТЕН САҚТАНУ – ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

16:43, 14 мамыр 2019

Соңғы 4 айда Қарағанды облысы бойынша 150 – ден аса адам АИТВ жұқпасын жұқтырған. Олардың басым бөлігі 20 - 49 жас аралығындағы жұмысқа қабілетті азаматтар. Мұндай қорқынышты сандарды облыстық ЖИТСқа қарсы күрес және алдын алу жөніндегі орталықтың директоры Бейбіт Сағымбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу барысында айтты

1990 жылдан бері аймағымызда 5608 адамның АИТВ мәртебесі оң деп танылған. Соның ішінде айықпас дерттің кесірінен 2400 – ге жуық науқас өмірімен қош айтысты. Қазіргі таңда эпидемияны жұқтырғандардың 75 % - ы арнайы антиретровирустық терапияны қабылдайды. Облыстық ЖИТС орталығының мамандарының айтуынша, аталмыш терапия вирус тасымалдаушы адамның өмірін ұзартуға септігін тигізеді, сонымен қатар, АИТВ –ның жұғу қауіпін де төмендетеді. 

Бейбіт САҒЫМБАЕВ, Қарағанды облысының ЖИТС орталығының директоры:

-Олардың жағдайы қиын, нашакорлықпен айналысатын, ішімдікке салынған, коммерциялық секспен айналысатындар. Сондықтан да біз оларға, емді қолдану үшін дәрігерлерімізді ғана емес, солардың өздерінің ортасынан шыққан, сонымен ауыратын, бірақ дәрілерді қабылдайиын азаматтарды көмекшіміз ретінде жұмсаймыз.

Бүгінгі күні тіркелген жағдайлардың 70 % - ға жуығы инфекцияны жыныстық жол арқылы жұқтырататыны анықталған. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар адамдардың вирус жайлы білім деңгейінің төмендігінен орын алады. Сол себепті, аталмыш олқылықты жою  мақсатында облыстық ЖИТС орталығы жыл сайын түрлі алдын алу шараларын ұйымдастырып, ақпараттық материалдарды таратады.

Бейбіт САҒЫМБАЕВ, Қарағанды облысының ЖИТС орталығының директоры:

-Түрмеде, колонияда отырғандар да біздің азаматтар. Сондықтан, олармен де жұмыс істейміз. Оларды да диспансерлік қадағалаудан өткіземіз. Оларға да дәрі - дәрмекті беріп тұрамыз. Орталықтың мамандары әр апта сайын, ай сайын сол колонияларға шығып тұрады, ем беріп, кездесіп отырады, әрқашан байланыстамыз.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ, тілші:

-Соңғы бір жылда Қарағанды өңірі бойынша үш жүзге жуық адам АИТВ жұқпасын жұқтырған. Мұндай көрсеткіштің орын алуына ең әуелі әр адамның өз АИТВ мәртебесін білмеуі себепші болып отыр. Емі жоқ індеттен сақтану үшін АИТВ – статусыңызды анықтағаныңыз жөн!

ЖИТС – тан қайтыс болғандарды еске алу шарасы Қарағандыда  17 мамыр күні одан әрі жалғасады. Мәселен, орталық саябақта ауқымды  акция ұйымдастырылып, қала тұрғындары өздерінің АИТВ мәртебесін анықтауға мүмкіндік алады. Ол үшін ерікті түрде экспрес – тест жасайтын мобильді пунктерге барып, қан тапсырсаңыз болғаны.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар