«ЖЕЗКИІК» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

18:04, 16 шілде 2018

Ұлт ұясы Ұлытау төрінде «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі өтті. Үш жүздің басы қосылған қасиетті өлкеге әлемнің үш құрлығынан фольклорлық ұжымдар жиналды. Олар екі күн бойы халыққа концерт қойды. Ал, кеңауқымды шараның жалғасы Жезқазған қаласында болды. Мысты шаһардағы Кеңгір су қоймасы жағалауына салынған жазғы амфитеатрда ең алғаш болып шартараптан жиналған классикалық музыка майталмандары өнер көрсетті

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ, тілші:

-«Жезкиік» халықаралық музыка фестиваліне 11 фольклорлық өнер ұжымдары қатысты. Соның тоғызы шетелдерден келген. Жалпы шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ұлт ұясы Ұлытау төрі әуезді әнге бөленді.

Фестивальға қатысушылардың бірі Александр Браун. Ол қызымен бірге Шотландия фольклорлық тобының құрамында келген. Бұған дейін Ресей, Франция, Қытай және тағы да басқа елдерде өткен халықаралық шараларға қатысқан. Ал қазақ жеріне алғаш рет келген.

Александр БРАУН, «Жезкиік» фестивалінің қатысушысы  /Шотландия/:

-Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл жердің табиғаты тамаша, тарихы терең екен. Қазақ халқы ерекше қонақжайлығымен ұнады. Фольклоры біздегідей елдің тарихымен астасып жатыр. Мен Қазақстан туралы жерлестеріме міндетті түрде айта барам.Олар үшін бұл таңсық дүние болатыны сөзсіз.

Фестиваль аясында қонақтар әр ұлттың өнерімен, тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Мәдени шараға Мексика, Перу, Польша, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Франция, Шотландия, Жапония мен Қазақстанның фольклорлық ұжымдары қатысты. Әр елден ең озық деген өнер ұжымдары таңдалып алынған.

Ұлытау төрінде өткен шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, облыс  әкімі Ерлан Қошанов және бір топ құрметті қонақтар қатысты. Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың фестивальға қатысушылар мен Ұлытау халқына арнап жолдаған құттықтауын оқыды.

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

-Бұл фестиваль халқымыздың мәдени мұрасын жаңғыртып, фольклорлық өнеріміздің баға жетпес байлығын әлемге танытуға да оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Фестивальдің жоғары деңгейде өтіп, халқымызға шаттық сезімін сыйлауына тілектеспін. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Халықаралық музыка фестиваліне әлемнің әр қиырынан 92 өнерпаз қатысты. Олар өздерінің ұлттық аспаптарында ойнап, этно әндерді шырқады. Әсерлі кешті тамашалауға келген жұрттың қарасы көп. «Сондықтан бұл фестиваль үш жүздің басын қосқан қасиетті мекен - Ұлытауды дүниежүзіне насихаттаудың ең ұтымды жолы»,- дейді кеш қонақтары.

Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі:

 - Егер ежелгі Ұлытауда үш жүздің басы қосылса, бүгінгі Ұлытауда үш құрлықтың өкілдерінің бастары қосылып отыр. Шынында да бұл біздің тәуелсіздігіміздің, сол тәуелсіздікке жеткізген Елбасының саясаты мен еңбегінің арқасында деп мен ойлаймын.

Ұлытауда төріндегі этноауылда өткен фестивальдің алғашқы бөлімін «Ұлытау» тобы түйіндеді.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ, тілші:

-Енді Жезқазған қаласында өзінің жазғы амфитеатры бар. Ол мына Кеңгір су қоймасының жағалауынна салынған. «Жезкиік» халықаралық фестивалі аясында мұнда алғаш болып классикалық музыка кеші өтті.

Шараға Қазақстанның және Австрия, Италия, Түркия, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Молдавия, Ресей елдерінің әлемге әйгілі жұлдыздары қатысты. Кеш барысында  КСРО және Қазақстанның халық артисі Бибігүл Төлегенова ән шырқады.

Қазақстанда классикалық музыка индустриясы жақсы дамып келеді. Австриядан келген сопрано әншісі Анна Райан жастайынан  Бибігүл Төлегенованы сүйіп тыңдайды екен.

Анна РАЙАН, «Жезкиік» фестивалінің қатысушысы  /АВСТРИЯ/:

-Фестиваль аясында Бибігүл Ахметқызымен танысқаныма қуаныштымын. Мен ерекше үлгі тұтатын өнер иесі. Жалпы бұған дейін Германияда қазақстандық әншімен бірлескен орындауым болған. Сіздердің әншілеріңіз өте талантты. Әлемдік сахнаға көптеп шыққаны дұрыс.

Музыкалық кеш барысында  Қазақстанның халық артисі Нұржамал Үсенбаева, белгілі әншілер Жан Тапин, Талғат Ыдырысов, Амантай Ибраев симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Жезқазған аспанын әуезді әнге бөледі.

Нұржамал ҮСЕНБАЕВА, Қазақстанның халық артисі:

-Осындай концерттер әрине керек. Біз операны, классикалық музыканы қарапайым халыққа насихаттаймыз.

Фестиваль соңы  ақын Кәкімбек Салықовтың  сөзіне жазылған белгілі композитор Жақсыгелді Сейіловтың "Жезкиік" әнімен түйінделді. Енді бұл ән фестивальдің гимне айналды. Шара соңы отшашумен аяқталды.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар