ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖАҚСАРМАҚ

18:03, 21 мамыр 2020

Премьер – Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Жезқазғанға іс сапарымен келді. Ол, өңірдегі «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты

Ағымдағы жылы - Жезқазған қаласында құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілмек. Мәселен, алдағы уақытта кенді өлкеде су жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік – мәдени нысандар пайда болады. Бұдан бөлек, күре жолдарды қалыпқа келтіріп,  инженерлік-коммуникациялық желілерді жөндеу жоспарланып отыр.Бұған қоса апатты үйлердің өзекті мәселелері де бар. Қазір Жезқазғанда 652 көп пәтерлі тұрғын үй болса, соның 26-сы апатты деп танылған. Ал, 17 – сін мүлдем бұзу керек. Тағы 9 көпқабатты баспана күрделі жөндеуді қажет етеді.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

-Облыста барлығы апатты деп танылған 54 үй бар, соның 26-ы осында. Биыл қалалық бюджеттен ақша бөлінді. Жыл бойы мәселе толығымен шешіледі.

Сондай – ақ, Жезқазған мен Сәтпаев қалаларында ауыз – су мәселесі де шешімін күтіп тұр. Мұндағы қараша халық көптен тіршілік нәріне зәру болып отыр.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, облыстық мәслихаттың депутаты:

-Жезқазған қаласының тұрғындары үшін ауыз – су мәселесі өзекті. 60 – пайыз су қоймасынан, 40 – пайыз көлдерден ауыз сумен қамтамасыз етілсек деген тілек бар.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер – Министрінің орынбасары:

-Қарағанды облысының әкімімен біз бұл мәселені талқыладық. Оны шешу жолдарын қарастырамыз.

Түйіткілді мәселенің шешімі ретінде, облыс билігі Есқұлақ су қоймасының көптен күткен құрылыс жобасын жүзеге асыруды көздеп отыр. Ағымдағы жылы «Казводхоз»  межелі міндетке кіріседі деп жоспарлануда. Осылайша Жезқазғандықтар тіршілік нәрінің 15%-ын Есқұлақ су қоймасынан алмақ. Ауыз судың тағы 55 – 60 %- ы Үйтас-Айдос және Кеңгірден қамтамасыз етіледі.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

Бүгінгі күні Жезқазғанда жалпы сомасы 3,9 млрд.теңге болатын 36 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, шаһарда 58 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатырын ауыстыру жоспарда бар. Бұған қоса1,5 шақырым кәріз және су құбырыныңжелілері ауыстырылып, 34 шақырым тасжолды жөнделмек. Тұрғындардың демалысына қажетті нысандар да назардан тыс қалмады. Мәселен, екі саябақ абаттандырылып, 800-ден астам жарықтандыру тіректері орнатылады. Жезқазғандықтар үшін күн көрістің көкжиегі кеңеймек. Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында  600-ге жуық адам тұрақты еңбекпен қамтамасыз етіледі.

Жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов құрылысы аяқталуға жақындаған 900 орындық орта мектепті аралап көрді. Мұнда барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Келесі кезекте ауланың аумағын абаттандырып, көгалдандыру және білім ошағына  жиһаз бен құрал-жабдықтарды әкелу міндеті тұр.

Премьер – Министрдің орынбасары Ұлытау ауданына қарасты Жошы хан тарихи-мәдени орталығының құрылыс алаңына да ат басын бұрды. Туризм саласына қан жүгіртер тарихи маңызы аса зор нысанның құрылысы жұмыссыздық мәселесін шешуге сеп болып отыр. Мұндағы жұмысшылар "Еңбек" Мемлекеттік бағдарламасы аясында қызметке тартылған.

Әнуар ТӨРЕБАЕВ, "Ұлытау ұлар" фирмасының директоры:

-Жошы хан кесенесі бойынша біздің жүргізетін жұмыстарымыз үш бөлікке бөлінеді. Олар рестоврациялық жұмыстар, абаттандыру жұмыстары, интерьер жұмыстары. Қазіргі кезде кесене бойынша 8 адам рестоврация жасаса, 5 адам қоршау дайындап жатыр.

Ұлытау ауданында Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында 18 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл-Қарсақпай және Жезді ауылдарындағы спорттық - сауықтыру кешендері мен Ұлытау кентіндегі тазарту құрылысы. Сондай-ақ білім беру саласында үш жоба, мәдениет саласында төрт жоба және ТКШ-ның сегіз жобасы іске асырылады. Осылайша тағы қосымша 522 жұмыс орны ашылып,оның ішінде 263 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа жұмылдырылады..

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

 

 

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар