Жезқазғанда жастарға жатақхана салынды

16:26, 9 қыркүйек 2015

Облыстағы білім беру саласында өзіндік сүрлеуін салып үлгерген Жезқазған бизнес және көлік колледжі аймақ жұртшылығын тағы бір жетістігімен қуантты. Оқу орны биылдан бастап Елбасының тікелей қолдауымен құрылған «Серпін-2050» мәңгілік ел жастары-индустрияға» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Жезқазған өңірінде тапшы мамандықтарға берілген грант бойынша еліміздің өзге өңірлерінен мысты шаһарға білім іздеп келген жастарға жағдай жасап, жатақхана да салып берді

2009 жылы ашылған Жезқазған бизнес және көлік колледжі жекеменшік мекемесі тыңнан түрен салған білім ордасы. Себебі, колледж тек аймақтың болашағына қажетті мамандар даярлайды. Теміржол саласы мен қонақ үй бизнесіне қатысты мамандықтар бойынша білім беруді осы оқу ордасы алғаш еңгізді. Бүгіннің өзінде колледж түлектері өңірдің дамуына үлес қосып жүр. Биылдан бастап оқу ордасы  мемлекеттік «Мәңгілік ел жастары-индустрияға» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалыса бастады. Халық көп шоғырланған облыстардан келген 50 студентті қабылдады. Олар үшін жаңадан жатақхана да салынды. Биыл еліміз бойынша небары екі жатақхана бой көтерген болса, оның бірі осы колледжге тиесілі. Студенттер үйін салуға мұрындық болған арқа өңірінің атымтайы, осы колледждің құрылтайшысы-Бекзат Алтынбеков. Небары екі-үш айдың ішінде құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген ғимаратта студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Су жаңа жатақханадағы компьютер бөлмесі ғаламторға қосылған. Серпін бағдарламасымен келгендерге мемлекет тарапынан күніне үш мезгіл ыстық тамақ және жылына бір мәрте киім-кешек алуына қаражат беріледі. Сабағын жақсы оқығандар ай сайын шәкіртақы да алып отырады. Осынша шапағатқа бөленген студенттер де артылған сенімді ақтаймыз дейді. Бұл ғимаратты жөндеуге және қажетті мүліктермен қамтуға жалпы сомасы 32 млн теңге жұмсалды. 70 орынға шақталған. Бизнес және көлік колледжі жатақхана салумен қатар, 22 адамға жұмыс орнын да ашты.

Елдос.КАКЕНОВ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар