ЖЕЗҚАЗҒАН. СӘЛЕМ, НАУРЫЗ!

19:21, 22 наурыз 2019

Жезқазған қаласының жұртшылығы да ұлттық мерекені айрықша атап өтті.Мысты шахарда мәні зор, мазмұнды мейрамға бағытталған көңілді бағдарламалардың шымылдығы түрілді.Шығармашылық ұжымдар тамылжыта ән шырқап, салт-дәстүріміз әспеттелді

Жезқазғанның жалпақ  жұртыда мерекені зор қуанышпен қарсы алды. Аңқылдаған ағайын ыстық құшағын айқар ашып, бір-бірімен сағына қауышты.Ұлттық стильде киінген ұлт пен ұлыста, бекем бірлік - ұлы байлық екенін шынайы қалыпта байқатты.

Сайран АМЕНОВ, «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры:

-Жанұяларыңыздан қызық арылмасын. Амандық болсын. Жаңа жыл жақсылық әкелсін.

Мейрамды тамашалауға келген мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтар  мәрә-сәре күй кешті. Бойдағы бұла  рухты бебеулететін есті әндер мен көркем билер көрерменнің тамырын бүлкілдетіп, санасын сілкінтті. Дәмі тіл үйіретін наурыз көже мен 4 мың дана ыстық бауырсақ көпшілікке таратылды.

Қайрат БЕГІМОВ, Жезқазған қаласының әкімі:

-Өткенге алғыс айтайық. Ақ тілекпен наурызды қарсы алайық. Отбасыларыңызға құт-береке тілеймін.

Ұлттық нақышта безендірілген алаңда  бекзада өнеріміз жаңғырды.Ақ түйенің қарны жарылған күнде көпшілік шад-шадымен әсерге алма-кезек  бөленіп жатты. Балғындар мен бұқара алтыбақан аясында асыр салды.

Жезқазғанның төрінде тойланған әз- мейрамда ұлттық ойындарымыз түледі. Төл спорт десе арқасы қозып, қиқуға басатын жігіттер кір тасын кілт көтергендей көрмеді.Ептілері қол күрес пен  арқан тартыс және асық атудан   сайысқа түсті.Ал қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан жеңімпаздар да анықтады.

Ұлыстың ұлы күнінде «Халық банкінің» ұжымы мүмкіндігі шектеулі жандарға тосын тарту жасады. Олар «Ақ сауыт» қоғамдық бірлестігіне «Газель» маркалы автокөлігінің кілтін табыстады.Енді ерекше жаратылған жандарды темір тұлпар діттеген жеріне тасымалдайды.

Сәлім ТҮКЕНОВ, «Қазақстаннның Халық банкі» АҚ ЖФ директоры:

-Жаңа-жылға қуанышпен жете берейік. Биылғы жыл мерекелі, берекелі болсын. Баршаларыңызға зор денсаулық тілеймін.

Жезқазғандағы наурыз мерекесі сән –салтанаты жарасып, ұлағатты ұстынмен үндесті.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар