ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

16:21, 13 ақпан 2020

Қарағандылық жас спортшылар елімізге жаңадан келген Пенчак Силат спорт түрінен халықаралық турнирден жүлдемен оралды. Азияның 7 мемлекеті бас бәйгені сарапқа салған додада жерлестеріміз 4 алтын, 2 күміс, 1 қола медальді қанжығалады

Әли Абжанов жекпе – жектің жаңа түрін осыдан бір жыл бұрын меңгере бастаған. Шымыр бала пенчак силатты тереңінен зерделеп, жеңіске жетелер әдіс – тәсілдерді де санасына сіңіре білген. 13 жасар Қарағандылық Оңтүстік шаһарда өткен додада 36 салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.  Финалда Жамбылдық қарсыласынан басым болып, облыс қоржынына алтын медаль тарту етті.. Спорт пен білімді қатар алып, болашағынан зор үміт күттіретін жас өрен жеңісті күндерім әлі алда – дейді.

Әли АБЖАНОВ, жүлдегер спортшы:

-Бұл спорт түрінен әлем чемпионы болғым келеді. Бұл спортқа техника және шыдамдылық қажет.

Аймақ намысын ересектер арасында қорғаған жерлесіміз Рауан Рамазанов та құр алақан емес. Спорттың бірнеше түрі бір жерде тоғысқан пенчак – силатты жас та болса, жетістігі жетерлік жігерлі жігіт аз уақыт ішінде меңгерген. Нәтиже жақсы – Азияның үздік спортшысы.

Рауан РАМАЗАНОВ,  жүлдегер спортшы:

-Өзбекстан мемлекетімен финалда кездестім. Ол жерде өте жақсы дайындалып келген өзімнің қарсыластарым болды. Жақында Малайзияда өтетін халықаралық турнирға дайынмын.

Жалынды жастардың қанатын қатайтып, бәйгеге қосқан жаттықтырушылар бұл спорт түрі - Қазақстанға бір жыл бұрын ғана келген - дейді. Аз уақыт ішінде көптің қызығушылығы артып, спорт сүйер қауым арасында танымалдыққа ие болған. Отаны Индонезия саналатын пенчак силат сайыстары бүгінде әлемдік ареналарда да ұйымдастырылып жүр.

Талғат ТҮЙТЕБЕКОВ, жаттықтырушы:

-Пенчак силат спорты жаңадан келіп жатыр Қазақстанға. Өте қатты дамып жатыр. Бір жақсысы бетке ұрмайды, кеудеден ұрады, кеудеден тебеді және жығады. Соған бал қосылады. Өте ыңғайлы спорт.

Өскелен ұрпақты спортқа баулып, жігер мен рухын қамшылаған ұжымның жаттығу залы осынау аядай жер. Мұнда шамамен бір мезетте алпысқа тартта спортшы дайындығын пысықтайды. Облыс намысын асқақтата білген талантты жастар әзірге қолдауы кем спорт түрінің болашағы жарқын екендігіне кәміл сенеді. Сондықтан болар, жаңа жабдық пен арнайы төсемелері жоқ болса да, жаттығуларын үзбей, күн санап алға қойған мақсаттарына аяқ басып келеді.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ, Рустам БЕКОВ, Аман ХАМИТ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар