«ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІНІҢ» ШАПАҒАТЫ

16:37, 15 қазан 2020

Білікті маман болу, табыс табу – талапты жастардың арманы. Осакаров ауданында дипломы бар 44 түлек жергілікті жұмыспен қамту орталығында жастар тәжірибесінен өтіп, екі қолға бір күрек тапқан

Дарья Михельсон хореографиядан дәріс беруге дайындалып тұр. Ол оқу орнынан түлеп ұшқаннан кейін дипломына сәйкес жұмыс іздеген. Сол себепті де жұмыспен қамту орталығына барған. Орталық өз кезегінде талапты маманды жастар тәжірибесі шеңберінде аудандық мәдениет үйіне жолдаған. Бірнеше ай өткеннен кейін Дарьяны мектепке ұстаздық етуге шақырған.

Дарья МИХЕЛЬСОН, хореограф:

- Жастар тәжірибесі жұмысқа тұруыма көп көмектесті. Себебі жан-жақты болып дамыдым. Мен онлайн концерттер өткізіп, камерамен жұмыс істеуді үйрендім. Балаларды биге баулимын. Классика – бұл барлық бидің іргетасы секілді.

«Жастар тәжірибесі» – жоғарғы оқу орны мен колледжді тәмамдаған жас мамандарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама. Осы арқылы түлектер жұмыс таба алады. Бастысы тәжірибе алмасады.

Нұрлан БАШАРОВ, Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Жыл басынан бері жастар тәжірибесіне 44 түлек жолданды. Жалақылары 25 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Сондай-ақ, ауданда қысқа мерзімді кәсіптік оқытулар бар. Сол арқылы жұмыссыздар еңбек нарығына керекті мамандықты үйрене алады. Оларға стипендия төленеді.

«Жастар тәжірибесіне» 29 жастан асқан жұмыссыздар тартылады. Осакаров ауданында механизаторлар мен тігіншілердің және шаштараздардың тапшылығы бар екен.   

Нұрлан БАШАРОВ, Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Біз қазір жас тігінші қыздарды қысқа мерзімді оқуларға жіберіп жатырмыз. Бұл ауылдық жерлерде тұратын жұмыссыздар үшін мемлекеттің жасап жатқан үлкен қамқорлығы.

Бұдан басқа аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы жаңа бизнес жоспарларға мемлекеттік гранттар береді. Осы жылы өз ісін ашу үшін 28 жас кәсіпкер қаражат алған. Жалпы, Қарағанды облысы бойынша «Жастар тәжірибесіне» 1334 адам жолданған.

Ерік НАРЫН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар