ЖАСТАР ФОРУМЫ

13:46, 11 қаңтар 2019

Елбасымыз Н.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай, Қарқаралы ауданында «Жастар жалыны» атты аудандық жастар форумы өтіп, түрлі тақырыптар талқыға түсті.

Аудан жастарының басын қосқан форум ашық пікір алмасу алаңына айналды. Мұнда, кәсіпкерлікті бастау және еріктілер желісін дамыту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, жастар саясатын жетілдіру аясында өзара пікір алмасып, тың ойлар айтылды. Форум барысында  жастардың кәсіп көзін ашу мен жобаларды жүзеге асыруға деген ниеттері жоғары дейді, сала мамандары. Мысалға, өткен жылы 270 адамға 32 миллион теңгеге көтерме көмек берілсе, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 77 жасқа 164 миллион теңгеге баспана, әлеуметтік көмек көрсетілген.

Халел МАҚСҰТОВ, Қарқаралы ауданының әкімі:

-Елбасының бастамасымен жастар жылы жарияланды. Біз бұл бастаманы жастардың сөзбен емес, іспен жүзегне асыруына атсалысудамыз. Ауданда Нәтижелі жұмыспен қамту бойынша бөлінген 490 миллион теңгенің 90 миллионына 27 жас өз ісін ашқан.

Форум барысында аудан активі, жастар ресурстық орталығы өкілдері мен белсенді тараптар сөз алып, белестерді бағындырудағы жетістіктерімен бөлісті. Олардың ішінде, аудан беделін әлемдік жарыстарда асқақтатып жүрген спортшылар мен дертке дауа болған ақ халаттыларда бар. Сондай-ақ, агросала мен тау-кен комбинатында еңбек жолын бастап келе жатқан жастар да болашаққа деген ұмтылыстарын білдірді. Әрине, ұстаздар қауымы үшін де диалогтық алаңда сөз беріліп, бала тәрбиесінің маңыздылығы айтылды.

Арғын ҚОЙЛЫБАЙҰЛЫ, Ақбай-Қызылбай ауылдық негізгі орта мектебінің директоры:

-Бүгінгі форумнан алған әсерім ерекше. Дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша мұғалім болып келіп, бүгінде негізгі орта мектептің директоры қызметін атқарыдамын. Білім алуға барлық жағдай жасалуда. Бүгін аудан әкімінің ұйымдастыруымен өткен форум біздерді шабыттандырды десем артық айтқандық емес.

Жалпы, жастар саясатын дамыту, жастардың жарқын болашағымыз, кемел келешегіміздің кепілі екендігі Елбасының әр жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын жолдауынан тыс қалған емес. Осы орайда, жастарға үлгі өнеге болсын деген ниетпен аға буынға да сөз беріліп, кошемет көрсетілді. Нақты айтқанда, аудан әкімі 70 жасқа толып отырған полиция ардагері Әлиасқар Әбеуовпен Қарқаралы ауданының құрметті азаматы Разақ Әлинге құттықтау хатын табыстаса, білім саласының үздігі Тілек Садуақасовқа облыстық білім басқармасының төсбелгісі берілді.

Разақ ӘЛИН, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы:

-Форумда жастарға қалай жеңіске жетуге болатынын айттық. Өз басым 17 жасымнан техникумды бітіре сала еңбекке араластым. Кейін, софхоз директоры болдым. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін жеке қожалығымды ашып, ауданның дамуына өзіндік үлесімді қосып келемін.

Жалпы ауданда  «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламалары жастардың жемісті еңбегі жолында өз нәтижесін беруде дейді, мамандар. Форуымның үндеуі қабылданып,аудан әкімі жастар эстафетасының басталғанын жариялады. Айта кету керек, бұл шара   «2019 жыл-Жастар жылы» болғандықтан,  әр ауыл, елдімекендердегі жас буынды талпындыруға бағытталған.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар