ЖАСТАР ФОРУМЫ

13:14, 29 қараша 2019

Жезқазған қаласында «Мен жас қазақстандықпын» атты жастар форумы өтті. ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңындағы тағылымды шарада түрлі бағытта қаланың көркеюі мен өркендеуіне үлес қосқан жандар қошеметке бөленді. Жылдың үздіктері анықталды

Дәстүрлі форум -жалынды жастарға жігер берген «Жастар жылы» аясындағы жетістіктерді тізбектеумен басталды. Алдымен, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова жиылған жұртты айтулы форумның ашылу салтанатымен құттықтады. Содан соң, жыл бойы шаһар көлеміндегі экономикалық-мәдени, ағартушылық жолындағы жүргізілген жұмыстарға тоқталды.

Зина АҚЫЛБЕКОВА, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:

- Қаламыздағы жастардың белсенді болуымен қоғамда өз орындарын табуға бар мүмкіндік жасалуда. Жезқазған қалалық әкімдігінің бастамасымен, қолдауымен орталықтар ашылып, жастардың шығармашылық дамуына бар жағдай жасалуда. Алдағы мақсат білікті жастар қатарын арттыру.

 «Ізгі тілек, Жылдың үздік ғалымы, Үздік ақыны мен Актері, Үздік оқу орны»- секілді 16 номинация бойынша марапат иелерін қошеметке бөлеуге жалғасты. Мысты шаһардың дамуы мен саналы, білімді ұрпақ болып қалыптасуда айрықша жетісттікке жеткендер жүлделі сыйлықтарға ие болды.

Нұржан БЕЙІСБЕКОВ, «Жылдың үздік актері» аталымының иегері:

-Бұл қошеметке өте ризамын. Театр сахнасында Шыңғыс ханның рөлін көп сомдадым. Өзімнің бет-әлпетім, қимыл қозғалысыма орай алып батырлардың рөлін ойнау бақыты бұйырып жүр. Әлі де мәдени салада жұмысымды дамыта бермекпін.

Дәулет АСҚАР, «Үздік ауыл жасы» аталымының иегері:

-Ауылдағы өмір - мәдениетпен өнерге толы. Қазіргі таңда ауылдық жерлерге көп көңіл бөлінуде. Кеңгір ауылында жұмыс істеймін. Өз ауылымның өркендеуі мен өрлеуі үшін қалаға кеткім келмейді.

Жастар форуымына арнайы шақыртылған белгілі айтыс ақтаңгері, ақын Дидар Қамиев жезқазғандықтарды жырмен сусындатса,   әнші, эстрада жұлдызы Қуандық Рақым да ақ тілегін жаудырды. Ән әлемімен көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Өнердегі талантты, танымал әнші  қала әкімінің марапатына бөленіп, «Жыл мақтанышы» номинациясының иегері атанды.

Қуандық РАҚЫМ, әнші:

-Жастар үшін бүгінгі қоғамның, еліміздің ұстанған ұстанымы ерекше. Барлық жағынан алға жылжу үшін барлық жағдай бар. Бүгінгі кеш-ертеңгі жастардың кемел келешегіне жол бастады деп ойлаймын.

Дидар ҚАМИЕВ, ақын:

-Мен үшін жастар форумы жастарды шабыттандыратын, алға мақсат қоюға мүмкіндік береді. Осы шараға қатысып жатқаныма қуаныштымын.

Жастарға үнемі қолдау көрсетіп, демеп жүретін меценат Бекзат Алтынбековтың де білімді, өнерлі, талантты жастарды қолдауды мақсат тұтқан форум жөнінде өз айтары бар.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, белгілі меценат:

-Жастар қашанда қолдауды қажет етеді. Оның ішінде бүгінгі заман талабы білім мен ғылымға деген сұранысты қажет етеді. Осындай форумдар жас ұрпақтың қанатын қатайтып, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.

Осылайша жылдағы дәстүрмен өтетін форум үздіктерді анықтап қана қоймай, жас буынға жігер сыйлады. Көрермен қауымға патриоттық әннен шашу шашылып, «Мен жас қазақстандықпын» деген мақтаныш кернеді.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар