ТАБИҒАТ ЖАНАШЫРЛАРЫ

12:34, 4 қазан 2019

«Эко сағат» Республикалық маңызды шара. Жас ұрпақтың қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру – бұл бастаманың негізгі мақсаты. Ал, облыс орталығындағы № 93 гимназия мектебінің оқушылары сол мүддені орындауды көздейтін көрінеді. Ұстаздар, ата – аналар мен оқушылар бас қосып, мектеп ауласына жас талдарды егіп шықты. Игі бастама тағы қандай ерекшеліктермен көзге түсті

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» - деп көсемсөз халқымыз көнеден ағаш отырғызу үрдісіне ерекше мән берген. Бүгінде №93 гимназия мектебінің 1 сынып оқушылары ата жолын жалғастырып, 10 қарағай ағашын жерсіндірмек ниетте. Олар «Жасыл желек» бағдарламасы аясында «Бірге өсеміз» - деп ұрандатуда. 

Көтеріңкі көңіл күй және ауызбіршілік. Мектеп ұландары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ілкімді іске жұмыла кіріскен. Арқа сүйер ата – аналары қолдау көрсетіп, ұстаздары бағыт – бағдар сілтеді. Енді мектеп табалдырығын жаңа аттаған білімпаздардың жеке аллеялары болады. Қуанышты сәтте оқушылар өлең – жырлардан шашу шашты. 

Мұндай ерекше бастамаға ата – аналар да қуана атсалысқандарын айтты. Жаңа буынның табиғатты сүйіп өсуі үлкен маңызға ие екенін атап өтті. 

Динара ЛЕКЕРОВА, ата – ана:

-Қазіргі уақытта экологиямыз болашақта жақсы болу үшін балаларымызды тәрбиелеуіміз керек.

Жиырмадан аса қайың мен қарағай ағашын мектеп ұжымына облыстың орман шаруашылығы басқармасы тарту еткен. Ұстаздары бірінші сынып оқушылары өздері отырғызған көшетке ыстық ыхыласпен қарайды – деп сенім білдіруде.   

Бақыт ОМАРОВА, № 93 мектеп - гимназиясы директорының орынбасары:

-Ата- аналарымен бірге жас қарағай көшеттерін отырғызып жатыр. Ал, біздің гимназиямыздың еріктілері қайың ағашын отырғызды. Осылайша экологиялық мәселелерге өз үлесімізді қосамыз деген ойдамыз.Одан бөлек мектеп ішінде оқушылар ашық сабақ өткізіп жатыр. Басты тақырып - экологиялық мәселе.

Экологиялық мерекеге айналған шара сынып сағаттары мен пікір алмасуларға ұласты. Мұнда білім алушылар жер ананың жай – күйіне кері ықпалын тигізер зиянды қалдықтарды қалай дұрыс сұрыптау керек, табиғаттың басты жауы – қоқыс қалдықтарымен күресу жолдары секілді сұрақтарды көтерді.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар