ЖАҢА ЖОБАНЫҢ ЖЕМІСІ

12:27, 8 шілде 2020

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы Жаңаарқа ауданында игілікті істердің ілгерілеуіне жол ашты.Өркениеті өрістеген өңірдегі жаттығу залы бар, жабық бассейннің құрылысы қарқынды жүргізілуде.Қанатқақты жобаның арқасында жергілікті жұрт еңбекке тартылып, тұрақты табысқа кенелді

Жаңаарқа ауданында жабық бассейннің құрылысы маусым айында басталған болатын.Маңызды жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының жемісі.Қазір нысанның монолитті іргетасына арматураны орнату істері қарқынды жүргізіліп жатыр.

Юржан БЕКҚОЖИН, Жаңаарқа ауданының әкімі:

-Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 25 метрлік жүзу бассейнінің жұмысы басталды.Жыл соңына дейін нысанды аяқтаймыз деген үмітіміз бар.11 елді мекенде жол жөнделеді.Аудан орталығында 10 көшеге жол жасалынады.Сонымен қатар 4 көшеге жарық шамдары орнатылады. 

Ал жоба жетекшісі Әділет Қалкешов жоспарлы істі жүзеге асыру мақсатында жергілікті билікпен жұмыла жұмыс жасауда.Жігері жасындай жарқыраған ширақ жігіт, тек құрылыстың сапасын жіті қадағалаумен шектелмейді.Қайта елжанды азамат өскен өлкесін түлетуді перзенттік   парызы санайды.

Әділет ҚАЛКЕШОВ, жоба жетекшісі:

-Бұл Жаңаарқа ауданындағы бірден-бір айрықша жоба болып табылады.Мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде  спорт кешенін тұрғызуға жол ашылды.Бізге жүктелген жауапты міндет мүлтіксіз орындалуда. Әр күн сайын жергілікті  билікпен тығыз ауқымды іс атқарудамыз.

Стандартқа сай спорт кешенінің аумағы 2000 мың шаршы метрді құрайды.Бұйыртса, 25 метрлік бассейнде бір мезетте 100 адам жүзитін болады.Ал тірлік қыз-қыз қайнаған құрылыс алаңына  90 астам азамат ел қатарлы еңбекке тартылған.Жұмыскерлердің тең жартысы жергілікті тұрғындар. Солардың бірі  Болатбек Әбішев.Құрылысшы төрт ай бойы қол қусырып жүрген еді.«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының арқасында шаруаға епті азамат екі қолға бір күрек тапты.

Болатбек ӘБІШЕВ, құрылысшы:

-Айлығымыз бәрі тұрақты. Жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр.Мемлекеттік бағдарламаға мыңда бір рахмет.Шапағатын сезінудеміз.

Жобаның жалпы құны 373 миллион теңгеден астам.Өркениеті өрлеген өңірдегі жаңа нысаннның жанынан жаттығу залы салынады.Мұндағы мердігерлер қадамы қарышты құрылысқа бірыңғай отандық материалдарды қолдануда. Ауданның көркін келістіретін нысандағы әрбір істің сапалы атқарылуын техникалық және авторлық қадағалаушы тарап өкілдері аудан әкімдігімен бірлесіп бақылайды.Сәтін салса, жүзу бассейнні желтоқсан айында қолданысқа беріледі.Демек жаңашылдыққа жаны құмар  Жаңаарқаның жыл санап емес, күн санап көркейіп, сәулетті ғимараттармен ажары ашыған жұмыртқадай  ашыла түсетіні айна қатесіз.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар