ЖАҢА ҮЙДІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ...

16:41, 12 шілде 2019

Қарағанды қаласындағы 15 – ші шағын ауданда жақында ғана бой көтерген көпқабатты үйден шу шықты. Тұрғындар су жаңа нысанның кәріз жүйесіне шағымданған. Құбырдан аққан су аулаға жайылып, жағымсыз иіс халық берекесін алған көрінеді. Жергілікті жұрт аулада ойнайтын балалардың денсаулығына алаңдаулы. Тұрғындардың тағы қандай назы бар?

Октябрь ауданындағы мына су жаңа бес қабатты үйдің құрылысы 2016 жылы бастау алып,бүгінде жылдар бойы кезекте тұрған мұқтаж отбасылар аңсаған баспаналарына қол жеткізді. Алайда жаңа үйде жаңа мәселелер кезігетінін кім білген. Құрылыс жүргізген компания нысанды әлі мемлекет қарамағына өткізбеген. Соған қарамастан әлден проблеммалар туындауда. Мәселен, көктем шыққалы тұрғын үйдің кәріз құбырларынан қалдықтар сыртқа таситын көрінеді. Жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырған тұрғындар жағымсыз иіс пен ағынды судан қалай арыларын білмейді.

Сайлау ТОПАЕВ, тұрғын:

-Біреулер айтады, бұл жерде бұрын балабақша болған деп. Ескі кәріз жүйесіне жалғай салған дейді. Жөнді ақпайды. Міне,мынадан бастап аққан су осы тұрған жердің бәріне жайылады. Бүгін ғана жоқ. Күнде ағып жататын. Кск деді, фирма деді, акиматқа да қағаз тастадым. Қала әкіміне барып едім, кіргізген жоқ, арыз жаз деді, жазып кеттім. Кейін артынан жауап келді, кірісіп жатырмыз, істеп жатырмыз деп.

Құрылысты «Фаворит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Құзырлы органдардың айтуынша мекеме екі жыл бойы кепілдік жұмыстарын атқаруға міндетті. Алайда, ашынған тұрғындар компания өкілдерінің әлі бірде бір рет төбе көрсетпегенін айтады. 

Халық наразылығын Октябрь ауданы әкімшілігінің өкілдері де тыңдады. Жиналған тұрғындарға аудан әкімінің орынбасары қазіргі таңда тұрғын үй ешқандай әкімдіктің қарамағына өтпегенін айтты. Сондықтан өкпесі қарақазандай жұрт шартқа отырған Қазақстан ипотекалық компаниясына арыз жазуы тиіс. Осыған дейін бірнеше рет шағымдарын жеткізуге тырысқан пәтер иелері мұндай әрекеттен нәтиже боларына күмәнмен қарайды.

Сәтпек ӘБДІҚАЛЫҚОВ, Октябрь ауданы әкімінің орынбасары:

-Қазіргі таңда тұрғындарда үй қоршауы, балалардың ойын алаңы, жарық бойынша сұрақтар туындаған көрінеді. Бұл жағдайда оларға Қазақстандық неси беру компаниясына барып жүгіне алады. Себебі бұл үй әзірге солардың қарамағында, қызмет түрлерін де компания көрсетуде.

Редакциядан қоңырау түскеннен кейін «Қарағанды су» мекемесі кәріз жүйесін тазалапты. Алайда, мұндағы мамандардың айтуынша, тұрғын үй әзірге еш жерде теңгерімде жоқ. Сондықтан толықтай қызмет көрсетілмеген.

Айнұр АКЕЕВА, «Қарағанды су» ЖШС – нің баспасөз қызметкері:

-9 шы шілде күні бригада кәсіпорын теңгерімінде жоқ канализациялық желіде тазарту жұмыстарын жасады. Бітелген жерді тазартты. Бірақ, мұндай жұмыстарды жиі жасап тұруға мүмкіндік жоқ. Себебі, желі Қарағанды су жауапкершілігі шекетулі серіктестігінің теңгерімінде емес.

Ендігі кезекте жергілікті тұрғындар арыз – шағымдарын жинап, құзырлы органдардың көмегіне жүгінуі қажет.

 

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар