ЖАҢА ҮЙДЕГІЛЕРДІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

17:14, 14 қараша 2019

Қарағанды қаласының «Панель орталық» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің құрылыс сапасы сыр берді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілген пәтерлердің қабырғалары жарылып, тұрғындар үреймен күн кешіп отырмыз -деп шағымдануда

Қала тұрғыны Манарбек Әшімов үш күннен бері үйдің жарылған жерлерін бекітумен әлек. Қала көркіне сән береді деп сендірген бұл 16 қабатты үйдің пәтер қабырғалары әлден сөгіле бастаған. Тіпті, баласына баспана болсын -деп алған жаңа үйдің жоғары қабатындағылар жылу мен ыстық судан да қағылған. Құрылыстың сапасыз болуынан қыруар қаржыға күрделі жөндеуді өздері қайта жасауда.

Манарбек ӘШІМОВ, қала тұрғыны:

-Осы үйді қызым алған. Жарық міне, осылай өшіп қалады. Қабырғалар жарылуда. Еденге кварцқұмды төсей салған.  40 қап песокты шығардық. Полға бетонды өзіміз құйдық.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2017 жылы берілуі тиіс баспанаға тұрғындар екі жыл кешігіп қоныстансада, алғашында қуанған. Сапасы сын көтермейтін үйге қол жеткізгендер, қазіргі таңда,  электр жарығына да  жарымай отыр.  

Петр СУРОВ, электрик:

-  Міне, арнайы электр қуаттылығын анықтайтын аппараттың бір желісін ток көзіне, екінші желісін бетонға тигізіп тұрмын. 220-250 вольтке дейін көрсетіп тұр. Бұлай болмауы керек. Егер, жалаңаяқ, не болмаса, сулы киіммен тұрып ток көзіне жақындаса адамды мерт қылмаса да, кемінде, жоғары деңгейде ток соғатын болады.

Ғимараттың қабырғасы жоғарыдан төменгі қабатқа дейін жарылған. Пәтер иелері  сырттағы суықты да сезе бастадық -деп отыр.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ, тілші:

-Бұл елдің мазасын қашырған 16 қабатты үйдің шатыры. Мұнда, халықты әбігерге салған мәселе жетіп артылады. Мысалға, едендегі бетонның өзін басып көрсеңіз, селкілдеп, ішіне опырылып түсетіндей үрей туғызады. Ал, әрбір жерде пайда болған жарықшалардың өзіне мән бермеген күннің өзінде, екі қабырға ортасы ашылып кеткен. Күн өткен сайын аралары едәуір ұлғайып бара жатқанына орай, тұрғындар да үйдің бір бөлігі құлап кетпейме деген қорқыныштың жоқтығын жасырмайды.

Жаңа үйді әкімдік мердігер компаниядан қабылдар кезде көп олқылықтарға көз жұма қараған, -дейді тұрғындар.  Соның салдарынан,  жылу мен ыстық судың жоғары қабатқа  жетуі үшін орнатылуы тиіс қондырғы да қойылмаған. Лифтінің мүлдем істемеуінен 16 қабатқа дейін жаяу көтерілуге мәжбүр.

Сатыларда жарнамамен қатырамыз деп сендірген мердігер компания болса, сот алдына екі мәрте шақырылғанымен,  жауапкершіліктен құтылып кеткен. Шала салынған үйдің алдағы тағдыры жөнінде сала мамандарының  берген жауабын тыңдап көрсек, аталған үйде айтарлықтай мәселе жоқ дегеннен танбады.

Рашид ТӨЛЕБАЕВ, қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі:

- 11 қараша күні үй қабырғаларында жарықшалар пайда болды деген ақпарат келіп, бір топ комиссия барып жағдаймен танысты. Жылу мен ыстық суда кедергі жоқ. лифтіні апатты жағдайда деп айта алмаймын. Қазір жұмыстар жүргізілуде. Мердігерден жауап алуға тырыстық. Алайда біздің тарап күткендей шешім болмады. Жағдайды бақылауда ұстаймыз.

Тұрғындарды алаңдатқан мәселені біз барынша көрсеткенімізбен, жергілікті әкімдік алаңдауға еш негіз жоқ деп отыр. Бәлкім, барлық жайтты көзбен көрген облыс әкімдігі жағдайды тікелей бақылауға алар деген халық үміті жерде қалмас деген сенімдеміз.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар