ЖАҢА ФИЛЬМ ТҮСІРІЛУДЕ

17:10, 25 ақпан 2020

Облыстық «Сарыарқа» телеарнасының ұжымы қоғамдағы өзекті тақырыптарды қамтыған тағы бір фильмді түсіруде. Қазір туынды режиссері Қаршыға Иген бастаған өнерлі жастар мен актерлер қызу жұмыс жасауда

«Ақ орамал» фильмі боранды күні жолға шығып, адасқан әйел тағдырын қамтыған. Телеөнім сценарий бойынша Ағадыр бекетінен басталып, облыс орталығының аумақтарында аяқталады. Фильм жазушы Смағұл Төлеубайдың «Әйел» шығармасы желісінде түсірілген. Жаңа туындының жарыққа шығуына облыстық Сарыарқа телеарнасы ұжымы, облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының актерлері мен  ТЖД құтқарушылары қатысуда. 

Лейлә НҰРҒАЛИЕВА, фильмге қатысушы:

-Бұл фильм қоғамдағы өзекті тақырыпты қамтиды. Адамның психологиялық тұрғыдан қарағанда ішкі жан дүниесін, сезімге ерік берудің соңы неге алып баратыны баяндалады. Көрермен өз бағасын бере жатар.

Фильм режиссері  осы туынды арқылы халыққа- асығыс шешім қабылдаудың соңы небір келеңсіздіктер тудыруы мүмкін деген ой айтады. Қазіргі уақытта түсірілім алаңдарында қызу жұмыс жүруде. Қалың қар құрсауында қалған көлік, адасқан келіншекті іздеу секілді шытырман оқиғаларды қамтыған фильм 1 сағаттан астам уақытты қамтымақ.

Қаршыға ИГЕН, фильмнің режиссері:

-Ашуға берілудің соңынан туындайтын жайттар қамтылған. Ашуға беріліп келіншек жолға шығып кетеді. Барлығын айта берсек, мазмұны ашылып кетер. Біздікі қоғамға ой бастау арқылы өз туындымызды ұсыну.

Бұл облыстық Сарыарқа телеарнасы ұжымының қоғамдық өмірде маңызы бар тақырыптарды қамтыған төртінші фильмі. Осыған дейін «Ғұмыр өтер», «Наурызым», «Әдемі келіншек» туындылары жарық көрген болатын. Аталмыш фильмдер көрермен тарапынан ерекше қызығушылық танытып  отыр. Ал «Ақ орамал» фильмі үш ай көлемінде жарыққа шығады деп күтілуде.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар