ЖАҢА ЕМХАНА АШЫЛДЫ

16:39, 15 мамыр 2019

Биыл Қарағанды облысында жыл соңына дейін 18 емхана салынады. Оның 15-і мемлекеттік –жекеменшік әріптесік аясында бой көтереді. Демек, бұл инвесторларға қолайлы климат жасалып отыр деген сөз. Бүгін осы жоба аясында алғаш рет Октябрь ауданында ашылған емханада облыс әкімі болып қайтты

Жаңадан бой көтерген дәрігерлік амбулаторияның қуаттылығы тәулігіне 100-ге жуық пациент қабылдап, 20 мың тұрғынға қызмет көрсетуге қауқарлы. Жобаға сәйкес 2 қабатты ғимарат толықтай замануи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Ержан НҰРЛЫБАЕВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі:

-Емхана барлық талаптарға сай. Осында жалпы тәжірибелік дәрігерлер қабылдау жүргізеді.  Бастысы, халыққа  қол жетімді. Бұрын қаншама пациент қаланың бір шетінен екінші шетіне барып, кезекте тұрған. Енді бұл мәселе шешімін тапты.

Амбулатория ашудағы басты мақсат жақын маңдағы тұрғындарға бастапқы медициналық-санитарлық көмектің қол жетімді болуы. Мысалы осы емхананың ашылуымен, енді нөмірі 4-ші емхана мен Көгілдір тоғандар учаскелерінің жүктемесі айтарлықтай жеңілдеп, ұзын-сонар кезек азаяды. Емхана жұмысымен жіті танысқан облыс әкімі  медицина қызметкерлеріне сәттілік тілеп, сапалы жұмыс істеу керектігін тапсырды.

Мұнан кейін облыс әкімі бір ауысымда 8 мың адамға қызмет көрсетіп, 50 адамды қабылдауға арналған емхана құрылысымен танысты. Құрылыс жоспарға сай жүрсе,осы жылдың желтоқсан айында алғашқы пациенттерін қабылдай бастайды.

Атап өткендей, биыл облыс бойынша бас аяғы 18 медициналық мекеме пайдалануға берілді.Оның 7-уі Қарағанды қаласында, қалғандары Жезқазған,Балқаш,Теміртау сынды қалаларда салынған.Алайда, облыс бойынша 100-ге жуық  дәрігер жетіспейді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұл кезең-кезеңмен шешімін табатын мәселе деді.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар