ҰСТАЗДАР МӘРТЕБЕСІ ЖОҒАРЫЛАЙДЫ

16:39, 2 қыркүйек 2019

Шет ауданындағы «Білім және ғылым» тақырыбында тамыз мәслихаты ашық пікір форматында өтті.Алқалы жиында саладағы атқарылған істер мен болашаққа жоспарлар бағамдалды.Салтанатты шарада еңбегімен ерекшеленген 100-ге жуық ұстаздармен мамандар марапатталды

Шет ауданындағы «Білім және ғылым» атты тамыз мәслихаты биыл айрықша форматта өрілді. Келелі кеңесте аудан әкімі Марат Жандәулетов атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталды. Осы жылы өлкедегі 19 білім беру нысандарына жөндеу шаралары  жүйелі жүргізілген. Оқу ошақтарының базалары замана талабына сай  жабдықталған. Оған  43 миллион теңге бөлініпті. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші бүгінде үштен алты жасқа дейін аралықта 100 пайызды құрап отыр. Ауданға келген жас мамандар да мемлекеттің мүмкіндігін мейлінше сезінуде. Олар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы  аясында көтерме төлемақыға кенеліп, жеңілдетілген пайызбен несиеге баспана алған.

Марат ЖАНДӘУЛЕТОВ, Шет ауданының әкімі:

-Білім беру ұйымдарында 5 ресурстық орталық жұмыс атқаруда.Барлық білім беру ұйымдарына электронды  журнал енгізілді.Мұғалім білікті болмай, шәкірт білімді болмайды дегендей, кадр мәселесіне баса назар аударып, пән мұғаліміне талапт күшейтілу керек.

Жиында тараптар өскелең ұрпаққа сапалы біліммен саналы тәрбие берудің оңтайлы жолдарын  жан-жақты тұрғыдан қарастырды. Жалпы тамыз мәслихатына білім беру ұйымдарының мамандары мен  ата-аналар және  ардагер ұстаздар қатысты.Ал алқалы кеңестің аясы сәні келіскен салтанатпен жалғасты.Марат Түсіпов отыз жылдан астам ұстаздық қызмет  еткен ерек жан.Парасатты азамат  мыңдаған шәкірттің санасында білімнің шамшырағын жаққан.Бүгін оның   еңбегі еленіп, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанды.

Марат ТҮСІПОВ, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері:

-Ұсынған ұжымға, қолдау көрсеткен тарапқа алғыс айтамын. Баршаңызға тек жақсылық тілеймін.

Ұстаздық жолда табандап тер төккен мұғалімдер мен майталмандар мамандар  ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет» граматосы және «Алғыс» хаттарымен  марапатталды. Бұдан бөлек  аталған саланы жетістікке жеткізуге аянбай атсалысып жүрген ұлағатты жандар Шет ауданы әкімі мен білім бөлімі басшысының  құрметіне бөленіп, шексіз қошеметке кенелді.

Жанат ӘМІРОВА, Шет ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі:

-Потенциал өте жоғары деңгейде.Олай айтқан себебім, орыс тілді үш мектебіміздің мұғалімдері авторлық бағдарлама қорғап, облыстық байқауда бірінші орын алды.

Тамылжыған тамыз мәслихаты «Ұлы дала мұрагерлері» атты форумға ұласты.Жиын шеңберінде флеш-моб ұйымдастырылды.Айрықша көрмеде мектеп пен балабақша өрендері  қолөнер туындыларын көпшілік назарына ұсынды.Өз кезегінде  рухани шараны аудан басшысы аралап, оң бағасын берді.Талантты жеткіншектер Қобыланды батыр жырынан үзінді оқып,  Абайдың қара сөзі мен өлеңдерін мәнерлеп оқудан жарысты.Осы күні Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясында  білікті мұғалімдер жаңартылған білім беру мазмұны бойынша шеберлік сыныптарын өткізді.  Пәндерге  сәйкес  200-ге жуық ұстаз білгірлігін жетілдірді.  

Бану ТҮСІПХАНОВА, Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі:

-Бұл бағдарламаның тиімділігі өте зор деп білемін.Бүгінгі күні біз шеберлік сабағымызда ата-аналармен және әріптестерімізбен бөлісіп жатырмыз.

Келелі кеңес мектеп балғындары дайындаған тарихи –драмалық қойлымдармен түйінделді.Айта кетейік Шет ауданы бойынша 50 мектеп пен 9 балабақша бар. Мұғалімдердің 71 пайызы  біліктілік арттыру курстарынан өткен. Аз қамтылған отбасылар санатындағы  1314 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

РУХАНИ КЕЛІСІМ-ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ
16:33, 18 қазан 2019
РУХАНИ КЕЛІСІМ-ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар