ҮШ БИГЕ ЕСКЕРТКІШ АШЫЛДЫ

16:38, 22 мамыр 2020

Қарағанды қаласындағы облыстық сот ғимаратының алдына әділдігімен мәшһүр болып, тарих бетінде таңбаланған үш ұлы биге ескерткіш қойылды. Тағылымды шараға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қатысып, заң саласының бүгінгі майталмандарына ізгі тілектерін жеткізді

Дархан даланың тұғырлы тұлғалары -  би – шешендердің ел билеу ісінде алар орыны ертеден айқын . Олар сөз құдіретімен жүз бен ру арасындағы алауыздықты жойып, парасаттылық пен ынтымақ – бірлікке  ұйыстыра білген. Қара қылды қақ жарып, әділдіктің ақ туын аспандатқан осынау ерен тұлғалардың бейнесі - енді облыстық сот ғимаратының алдында жарқырап тұрады. 

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

-Қарағанды қаласында тағы да бір киелі орын пайда болды. Ол халқымыздың үш ұлы биіне арналған осы еңселі ескерткіш. Біздің ата - бабаларымыздың, билердің бір ауыз билік сөзі заң болатын. Оны барлығы мойындаған, ал билер әрқашанда халықтың сый - құрметіне ие болған.

Қазыбек, Төле, Әйтеке билердің ізін жалғап, өрелі өнегесін насихаттауда - бүгінгі облыстық сот өкілдерінің еңбегі ерен. Қызыл тілдің қылышымен әділ үкімді кесіп айтар, ел азаматтары ұлы даланың үш биіне осылайша құрмет көрсетті. Тау тұлғалардың мүсін бейнесін талантты сәулетші Жеңіс Еркінұлы кескіндей білген. Алматы қаласында жасалған аталмыш еңбекке  төрт ай уақыт кеткен. 

Нұрсерік ШӘРІПОВ, Қарағанды облыстық сотының төрағасы:

-Бүгінде басымызға тәуелсіздік орнап, еркін де егеменді ел болып, тарихымызды тану арқасында жоғалғанымызды тауып жатырмыз. Ата - бабаларымызға тағзым етіп, есімдерін еске алып, сақтаудамыз. Осы мақсатта тағылымы мол үш ұлы биімізге арнайы ескерткіш орнатып отырмыз. Бабаларымыздың бейнелері соттың алдында бой көтеріп тұр. Менде бар ақиқатқа сүйенсек, осы Қарағанды төрінде бұрын соңды ескерткіш қойылмаған.

Шындықтың шыңына жетемін деп ғұмырын сот саласын арнаған ардагерлер қауымы да шараның төрінен орын алды. Көргені көп, аға буын өкілдері мұндай ескерткіштердің ашылуының маңыздылығын айтты.

Еркін ЕВЕНБАЕВ, сот саласының ардагері:

-Бұл шара тек қана үш бидің тас бейнесін ашу рәсімі ғана емес, бұл дүниеде теңдесі жоқ қасиетті бабаларға бас ию мен тағзым ету. Ырысы мен ырзығы мол қазақ еліне бір заманда үш би келіп, елді біріктіру жолында, ақыл - ойы мен күш - жігерін аянбай жұмсаған.

Шара соңында құрметті қонақтар, облыстық соттың жаңа ғимаратын аралап көрді. Оңтайлы сәтті орынды пайдалана білген, облыстық соттың төрағасы аймақ басшысына нысанның ішкі тынысымен таныстырды.  

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар