ҰЛТТЫҚ СПОРТТАН ҮЗДІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ

13:52, 4 мамыр 2019

Ақтоғай ауданында Ұлттық спорт түрлерінен аудандық жарыс өтті. Осымен екінші мәрте өткізілген сайысқа сайдың тасындай іріктелген спортшылар қатысты. Дүбірлі доданы көпшілікпен бірге тамашалап қайтқан тілшіміз тарқатып айтады

Ұлттық спорттың 8 түрін қамтыған Ақтоғай ауданындағы жарысқа 200 астам спортшы жиылды. Оның ішінде, қазақ күресінен, көкпардан, аударыспақтан, теңге алудан және аламан сайыстан топ жарып жүрген 10 округтің жеңімпаздары бар. Байрақты бәсекенің шымылдығын ашқан Ақтоғай ауданы әкімі Салтанат Әбеуова қатысушыларға сәттілік тіледі.  

Салтанат ӘБЕУОВА, Ақтоғай ауданының әкімі:

-Осындай игі шараға атсалысу әрқайсымыздың қастерлі міндетіміз. Ата-баба дәстүрін жалғай түскен шара. Баршаларыңызға сәттілік тілеймін.

Араға уақыт оздырмай, көкпаршылар сайысы  басталды.Олар 8 командаға бөлініп жарысты. Серке көтеруде алдына жан салмайтын ұлттық ойынның оғландары бәсекені  табан асты қыздырды.

Серкені оңды солды тартқылап жүріп, ат үстіндегі жігіттер жарыстың алғашқы есебін де ашып үлгерді.

Айдос КІШКЕНТАЕВ, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

-Бұл жарыс батырларымыз Н.Әбдіровпен Қазбек Нұржановтың 100 жылдық мерейтойына арналған. Ауданымыз шалғай жатқан соң, ұлттық спортты дамытуды мықтап қолға алудамыз. Жидебай, Сәуле, Шабанбай би ауылының спортшылары жоғары дайындықпен келгенін байқатты.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ, тілші:

-Жалпы жүлде қоры 1,6 миллион теңгені құраған аудандық жарыс қазақ күресінен үздіктерді анықтауға жалғасты. Боз кілемде белдескен палуандар 8 салмақ дәрежесінде өзара кім мықтыны анықтады. Осылайша, ауданның 100 тарта спортшылары жеңісті қолдан бермеу үшін бар күштерін сарп етті.

Жауырынын жерге тигізбеуді місе тұтқан спортшылардың ішінде 74 келі салмақтағы  Бертілек Қуанхан да бар. Сарышаған кентінің намысын қорғап келген спортшы қарсыластарын қапыда қалдырды.

Бектілек ҚУАНХАН, спортшы:

-Жарыс өте жақсы өтті. Тың дайындықпен келдім. Қарсыластарымның ішінде, әсіресе финал оңай болмады. Жақсы әдіс арқылы таза жеңіп кеттім.

Сондай-ақ, ауданның кішкентай балғындары асық атудан  аударыспақтан, теңге алудан  бәйге алуға таласты.Спорттың сегіз  түрінен сынға түскен жастар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар