ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҰЛЫҚТАЛДЫ

13:57, 18 маусым 2019

Күні кеше Ұлытау ауданында аламан бәйге мен көкпардан жарыс өтті. «Көкмайса» этнофестивалі аясында өткен тартысқа толы бәсекені Қазақстанның барлық өңірінен, алыс және жақын шет елдерден қонақтар тамашалады

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ, тілші:

-Күні кеше Ұлытау жұрты этнофестиваль аясында аударыспақ,  қатынкүреспен жамбы ату, садақ ату секілді спорт сайысының куәсі болса, бүгін көкпар, аламан бәйгені тамашалады. Сондай-ақ, қыз қуудың да қызығына батты. Ал, Қазақстанның түкпір-түпкірінен келген қонақтар тартысты бәсекенің әрбір сәтін мүлт жібермей бақылап отырды.

Міне, бұл ат тұяғымен дүбірлетіп, шаңын аспандатып, құйынша жүйіткіген аламан жарысы. Бәйгеге 35 сәйгілік қосылған. Оның ішінде   Ұлытау ауданынан бөлек, Абай, Жаңаарқа аудандарының шабандоздары да жеңістен дәмелі. Дүбірлі доданың алғашқы айналымында тұлпары сүрініп, мәреге жетпей қалғандарда көп болды.

Шеңберді 4 мәрте айналған аламан жарыста  13 жасар Ернұр есімді жас шабандоздың сәйгүлігі ешкімге дес бермеді. Тақымы мықты бозбала тұлпарымен   топтан оза шауып, 500 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Ернұр АЛДАЖАН, аламан бәйгенің бас жеңімпазы:

-Топтың артында, атымды шаңға салмай, басын ұстап отырып, жеңіске жеттім. Жарысқа көп дайындалдым. «Адал» атым бесінші рет бәйгенің бас жүлдесіне ие болды.

Атойлатқан ағайын болса, делебесі қозып, көкпаршылардың сайысында тағатсыздана күтті. Білекті, епті көкпаршылар 5 команда болып, өзара кім мықтыны анықтады. Қаракеңгір, Алғабас, Ұлытау ауылдары мен Жаңаарқа ауданындағы Ақтүбек ауылының жастары серке көтеруде серпіліс танытып, көпшіліктің көңілінен шықты.

Үздіктерді анықтаған көкпар 15 минуттық екі айналымды құрады.  Көкпаршылар үшін жеңіс емес, қашан да ұлттық спортты ұлықтау екені сөзсіз. Дегенмен, тыңғылықты әзірлікпен топ жаруда қашанда  басты мақсат болмақ.

Балғатай КІШІТАЕВ, Жаңаарқа ауданының көкпаршысы:

-Ұлытауда көкпар, аламанна жарыстар өтуде. Көкпар ұлттық спортты жамыту ғой. Бұл жарысқа ұзақ дайындықпен келдік. Қарысаластар мықты болды. Жеңіске жетуге «Лазер» атымның 80 пайыз көмегі болды.

Осылайша, «Көкмайса» этнофестивалі аясында өткен барлық спорт түрлерінің жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Мысалға, қатын күресте бас жүлде иегері 150 мың теңгені иемденсе, аудан әкімі Әнуар Омар аламан бәйгенің бас жүлдесіне 500 мың теңге, ал екінші орын жеңімпазына жергілікті кәсіпкерлердің бірі тұлпар мінгізді.

Әнуар ОМАР, Ұлытау ауданының әкімі:

-Осымен, жаз шыққалы бері алтыншы рет ат жарысын өткізіп отырмыз. Арнайы түйе алдырып, онымен адамдар суретке түсіп жатыр. Тазы иттерді де алдырдық. Осы арқылы ұлттық құндылықтарды жастар бойларына сіңірсе деген мақөсат қой.

Спорттың 10 –нан астам түрінен үздіктерді анықтаған этнофестивальдің жүлде қоры 4 миллион теңгеге жуықтады. Мерекелік шараның соңғы күнінде қонақтар мен қатысушылар үшін Ұлытау тауларына экскурсия ұйымдастырылып, тау бөктерінде атпен серуендеген туристер қыз қуудың да қызығына батты. Жалпы,  «Көкмайса» этнофестивалін ұйымдастырудың басты мақсаты - Ұлытау ауданының туристік әлеуетін жоғарылату, қазақ халқының тарихы мен  мәдениетін дүйім жұртқа паш ету...

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар