ҰЛТТЫҚ СПОРТ - ҰЛТТЫҢ МҰРАСЫ

16:27, 7 тамыз 2020

Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда Спорт күні аталып өтеді.Мәні зор мереке , еліміздегі спортты дамыту мен сайыпқырандарды ынталдыруға арналған.Ал аймағымызда бүгінде төл спорттың көкжиегі кеңейіп келеді.Оған өңірдегі 500-ге жуық жастардың ұлттық ойындарға тыңғылықты түрде ден қойғаны дәлел.Алайда биыл еліміздегі карантинге байланысты жалаулы жарыстарға шектеулер енгізгені белгілі.Дегенмен, оғыландар санитарлық талаптарды сақтап, арғымақтарын баптап, жаттығуларын жасауда

Елімізге енгізілген қатаң карантинге байланысты спорттық шараларға шектеу қойылған болатын.Ал «Қайрат» ұлттық ат спорты мектебінің сайыпқырандары санитарлық талаптарға барынша жауапкершілікпен қарайды.Оғыландар жаттығуды арақашықтық сақтап, бетперде тағып, тыңғылықты түрде жасап жүр.Жыл санап өңірімізде төл спорт түрлері  төрлеп, өрлеп келеді.Бүгінде Қарағанды облысында  Ұлттық спорт десе арқасы қозатын, тақымы тастай қыздар мен жігіттер жетерлік. Олардың жалпы саны 470. Намысты жастарымыз: көкпар, аударыспақ, қызу қуу және жамбы ату мен теңге ілу сынды ұлттық ойындармен шұғылданады.

Шәризат ҚАЗТАЕВ,  «Қайрат» ұлттық ат спорт мектебінің директоры:

-Ұлттық спортты дамытуға көп үлес қосу керек. Әрбір ауданда ұлттық спорт мектебінің бөлімдері болса, нұр үстіне нұр болар еді.  Көкпардан ел бойынша алтыншы жетінші орында тұрмыз.Республикалық команданың атынан өнер көрсеткен он екі азамат әлем чемпионатында өнер көрсетіп, үшінші табан тіреді. 

Төлеген Серғазиев 5 жасынан бастап, аттың құлағында ойнап, құрық тимеген, жүген кимеген шу асауды үйретіп жүрген  кәсіби көкпаршы.Оның ұлттық спортты жанына серік еткеніне10 жылдың жүзі болған.Тақымы тастай,құрыш білекті оғылан теңге ілуден ел чемпионы. Шымыр азамат  бәсекеге түскенде қарсыластарын қапыда қалдырады.Жігерлі жігіт шапқанда жүйріктерді басып озатын, шашасына шаң жұқпайтын «Тұмар» атты сәйгүлігін - өзінің бойтұмары санайды.

Төлеген СЕРҒАЗИЕВ, көкпаршы:

-Кешегі бабалардың жалғасымыз. Ұлттық ат спортын өте жақсы көремін. Көкпар ойнағымыз келіп, ішіміз қызып аттардың бәрі бабында жер тарпып тұр.

Аймағымыздағы ұлттық спорт саңлақтарының жеткен жетістігіде жетерлік. Былтыр облыс командасы Алматы қаласында жастар арасында  өткен аударыспақтан Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.Сонымен қатар  жамбы атудан жалауын желбіреткен ел чемпионатында алдын жан салмай,топ жарды. «Қайрат» ұлттық ат спорты мектебінің шәкірттері өнерден құр алақан емес.Талантты жастар карантин кезінде бір сәт көңілді серпілтіп,санасын сілкінту үшін Құрманғазының «Балбырауын» күйін төгілтіп шертеді.

Спорт күні – жыл сайын Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылдың 15 қарашасындағы Жарлығына сәйкес, тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтіледі.Сондықтан маңызды мерекенің әсіресе спортшылар үшін алар орны зор. Демек бабадан қалған бекзада өнер  ұлтқа тиесілі асыл мұра, баға жетпес байлық. Ендігі мақсат - төл спортты түлетіп, одан әрі  дамыта түсу - дейді, ұлттық ойын жанашырлары.  

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар