ТІЛДЕР МЕН МӘДЕНИЕТ ДИАЛОГЫ

15:18, 19 тамыз 2019

Абайдың 175 жылдығы - ол ысырап пен бей-берекет той тойлаудың емес, Ұлы ақын шығармаларына тағы бір зер салып, өмір жолына жаңаша көзқараспен үңілетін мүмкіндік. Қарағандыға сапарлай келген Мұрат Әуезов осындай пікір білдірді. «Тілдер мен мәдениет диалогы» атты форумға спикер болған ол Қарағандыдағы Достық үйін аралап, кенді өлкедегі ұлыстардың татулығына баға берді

«Адам болам десеңіз...» Абайды алғаш әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтың ұлы, ізін жалғаушы Мұрат Мұхтарұлы бүгін Қарағанды жұртымен осы тақырыпта ой қозғады. Өмірде көргенімен түйгені мол, әке жолын жалғаушы ғалым хәкім Абайдың әлі де зерттейтін тұстары көп екенін айтады. Сондықтан алдағы 175 жылдықта осы жоспарды жүзеге асыруға талмай еңбек ету керек дейді. Өскелең ұрпаққа Ұлы Абайдың мұрасын дәріптеу- жастарды парасаттылыққа тәрбиелеудің бірден-бір жолы екенін айтады.  

Мұрат ӘУЕЗОВ , мәдениеттанушы-ғалым:

-Тіл мен мәдениет байланысын талқылағанда өз білгенімді ортаға саламын. Сосын Абайдың 175 жылдығына орай осындағы елмен әңгіме құрайық деген мақсатпен келдік. 

Жалпы Қарағандыда ғана емес, ел  көлемінде ұлттар мен ұлыстар татулығын сақтау басты мақсат. Осы орайда бір топ ғалым жаңа қоғамдық бірлестік құрған. Атап өткен жөн, ол тіл мен мәдениеттің қоғамдағы тыныс-тіршілігін  бақылайтын барометр іспетті болады.

Нұрсұлу БӨКЕТОВА, «Социум.Тіл.Мәдениет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

-Біз жаңа ұйым аштық қоғамдық бірлестік ол социум мәдениет тіл деген. Ол біздің қоғам дамуын, өзгеруін, қандай қажеттілігі бар екенін зерттеп, дамытқымыз келеді. Міне осындай мақсат бар.

Сондай-ақ мәртебелі мейман Достық үйін аралап көрді. Ондағы ұлыстардың мәдениетінің сақталуына, тілдерін оқуға мүмкіндік бар екеніне үңілді. Сөзін қорыта келген Мұрат Әуезов «Қарағанды облысы қашанда бірлік пен берекенің алтын бесігі болған» деген пікірін айтты.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар