«ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ» ТАҢДАЛДЫ

13:33, 6 қыркүйек 2019

Қарағандыда мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін тіл жанашырлары марапатталды. Облыс әкімінің жыл сайынғы арнайы сыйлығы биыл да өз үздіктерін таңдады. Байқауға түрлі кәсіп пен ұлт өкілдерінен құралған қатысушылар бақ сынасып, 8 аталым бойынша марапатқа ие болды. Ал, 1 миллион теңге көлеміндегі басты жүлдені кімге бұйырды?

Қаламыздағы Достық үйіндегі Қазақстан халқының тілдері күніне арналған шараға келушілердің қарасы қалың. Себебі, бұл сыйлық жыл сайын мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін еңбек еткен тұлғаларға зор қуанышпен табысталады. Биылғы байқауға мектеп оқушылары, студенттер, мәдениет саласының қызметкерлері, журналистер және кәсіпкерлер секілді әртүрлі салалар мен кәсіптердің 8 өкілі үздік шықты.

Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі:

-Бүгінде қаншама шетел азаматы қазақ тіліне қызуғышылық танытып отыр. Тіпті Италияндықтар Димаштың әндерін түсіну үшін қазақ тілін үйренуде. Португалиялықтар «Пай-пай, шіркін, ұмытылмас күн»,-деп Димаштың әнін қазақша айтып жүр. Қазақ тілі бүгінде осылайша брендке айналуда деуге болады. Бәріңізді бүгінгі мерекемен шын жүректен тағы да  құттықтаймын. Барлықтарыңызға табыс тілеймін.

Жүлдегерлер қатарында жезқазғандық жас полиглот Денис Романов та бар. Ол «Тіл білгірі» номинациясы бойынша марапатталды. Себебі, бұл аталым  14-29 жас аралығында әртүрлі этностық топтардағы, мемлекеттік тілді жетік меңгерген және түрлі байқауларда жеңімпаз атанған жастарға қолдау көрсету мақсатында беріледі.

Денис РОМАНОВ, студент:

-Мен үшін бұл марапаттың маңызы зор. Себебі мен болашақ тіл маманымын. Университетті тәмәмдаған соң, қазақ тілі және әдебиеті пәнінен ұстаз болғым келеді. Осындай марапаттар алға қойған мақсат-армандарыма жету үшін қанат бітіреді.

Биыл 43 үміткер 8 номинацияға үміткер болды. Қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады. Сыйлық мөлшері 250 мың теңгені құрады.
Ал 1 миллион теңге көлеміндегі басты сыйлық «Тіл майталманы» номинациясына тиесілі. Себебі ол - тіл саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі. Осы жылғы бас жүлде академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Жандос Смағұловқа бұйырды.

Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі:

-Біздің облысымызда 100-ден аса ұлт тұрады. Тыныштықта, бірлікте, ынтымақта өмір сүріп жатырмыз. Осы жерде міне, Ассамблея мүшелері отыр. Біз сіздерді барлығыңызды бірдей ортақ бағалаймыз.

Айта кету керек, Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы 2012 жылдан бастап жыл сайын беріліп келеді. Ал 2018 жылдан бастап, Қазақстан халқы тілдерінің күнін 5-қыркүйекте атап өту бекітілген болатын. Себебі, бұл дата жазушы, ғалым, лингвист Ахмет Байтұрсыновтың туған күнімен тікелей байланысты.

Анар ҚАНАТҚЫЗЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар