ТЕАТР МАУСЫМЫНЫҢ ЖАБЫЛУЫ

16:40, 20 маусым 2019

Сакен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры кезекті маусымын салтанатты түрде жапты

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ, тілші:

-Міне, осымен С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының 87 – ші маусымы да өз мәресіне жетті. Театр ұжымы енді өнерсүйер қауыммен қыркүйек айында қайта қауышатын болады. Ал, әзірге, «Фариза мен Мұқағали» лирикалық драмасын тамашалайтын боламыз.

Сахна ортасындағы қара түнек пен әр жерде сәулесі шашыраған қызыл шамдар. Ортадағы бос кеңістікті аурухананың кушеткалары толтырып тұр. Әлсіреген Мақатаев пен оның сырлас достарының ішкі тебіренісі, олардың өкініштері мен қайғылары. Әрқайсысысының көзінен бір мұң аңғарылады. Көрермендерді осынау өмір шындығына баурап әкеткен қойылым басы осындай сипатқа ие болды. Ал, басты рөлді сомдаушы жас актер Нұрсұлтан есімі енді Мұқағали бейнесімен көрермендер жадында сақталғандай. Талант иесі аталмыш рөлді сомдауға өзі ынта білдірген көрінеді.

Нұрсұлтан ҚАЛКЕНОВ, театр әртісі:

-Қиын болғаны сол дүние болды. Өмірінің соңғы сәттері, ауруы белең алып, өлейін деп жатқан адамды мен, Мұқағали ретінде, бір жағынанМұқағалидің физикалық әлсіздігін көрсетіп, бірақ оның руxани биіктігін алып шығу керек болды. Сол жағынан бұл рөл маған өте қиын болды. Мен қазірдің өзінде «мен Мұқағали болдым, Мұқағалиді сомдадым» деп айта алмаймын.

Атыраулық драматург Рахымжан Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» пьесасы Қарағандылық көрермендерге бір жыл бұрын жол тартқан. Талантты жазушының қаламынан шыққан туынды бүгінде қазақ театрларының арасында үлкен сұранысқа ие. Себебі, шығарманың махаббат пен өшпенділік сезімдері арқылы өмір шындығын жеткізу әдісі, драмаға толы кульминациясы мыңдаған жанның жүрегін жаулап үлгерген. Сахна төрін жандандырған әдеби шығарманың бағасын көрермендер де берді.

Нұрлан ЖҰМАНИЯЗОВ, көрермен:

-Қойылым көңілден шықты. Актерлардың шеберліктері, олардың ойнаулары, рөлді сезінулері өте жоғарғы деңгейде. Өзіме өте қатты ұнады. Театр - мәдениеттің ең үлкен шыңы, биігі. Сондықтан осы өнерді тамашалауға уақыт жоқ заманда уақыт табу - мен үшін бақыт.

Қара шаңырақтың қоржынында бүгінде 60- тан аса қойылым бар. Өнерлілер ұжымында 52 актер қызмет етіп, әр қойылымымен көрермендерді қуанышқа кеңелтуде. Театр еншісіндегі жетістіктер де аз емес. Мәселен, Халықаралық «Самғау» фестивалінде жерлестеріміз өнер көрсетіп, жоғарғы бағасын да алып үлгерді. 

Сансызбай БЕКБОЛАТОВ, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының директоры:

-Театрлардың бара бермейтін тақырыбына біздің қарағанды театры барып, сондай деңгейде ерекшелігінің көзге түскені, оның қоюшы режиссері Бек Мұқатайдың ерекше шешімі, біздің әртістердің ойыны, шынайы шеберліктері Москвадан келген сыншылардың өзін таңқалдырып, үлкен жеңіске әкелді.

Қазақ драма театры лайықты демалысына жол тартты. Ұжым енді көрермендермен күзде қайта қауышатын болады.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар