ТАЗАЛЫҚТЫ ӨЗІҢНЕН БАСТА!

13:28, 30 маусым 2020

Балқаш қаласында да заңсыз қоқыс тастаумен күрес қарқынды жүргізілуде. Жағажайлар мен елді мекендерді қоқыстан тазарту қолға алынуда. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды тұрақты шығару жолы ретке келтірілуде

Ауқымды тазарту жұмыстары Техснаб кентінен басталды. Бірнеше жыл ішінде мұнда үлкен қоқыс үйіндісі пайда болған. Тұрғындарда қоқыс шығаруға келісім-шарт жоқ. Сондықтан бірнеше көшенің тұрғындары тұрмыстық қалдықтарын әр жерге тастай берген.

Асылмұрат ТҮСІПОВ, Балқаш қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Біз рұқсат етілмеген қоқыстарды жоюмен айналысамыз. Қазір барлық жерді тазалаймыз. Жеке сектор тұрғындарымен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға келісім-шарттар жасасу үшін әңгімелесетін боламыз. Бұған қоса, қоқыс төгетін орындарға камералар орнатамыз, содан кейін қоқысты ретсіз төгетіндерге айыппұл салынады.

Көп жылдық қоқыс үйінділерді техниканың көмегімен тазартылды. Бірнеше рейспен жұмысшылар 400 текше метр қалдықтарды шығарды. Билік пен коммуналдық қызмет өкілдері тұрғындардың өздерінен де тазалықты сақтауда қолдау көрсетулерін сұрайды.

Манат ДІЛДАШЕВ, "Балқаш Универсал" ЖШС учаскесінің бастығы:

-  Қоқыс шығару туралы өтінішпен бізге ешкім келген жоқ. Шарттар жоқ. Ол үшін Техснаб кентінің тұрғындары бізге келіп, келісім-шарт рәсімдеулері керек. Бізде техника жеткілікті.

Енді, әрбір мекен-жай үшін ай сайынғы тариф орнатылады. Экономистер нақты есептеулер жасайды.

Коммуналдық қызметкерлердің есептеуінше, барлығы 14 мың текше метрге жуық қалдықтарды шығаруға тура келеді. Олардың жартысы қала шетінде. Сондай-ақ, қоқыс шығару тізімінде ЖБИ ауданы, Шұбар-Түбек және Жұмысшы кенттері, саяжайлар мен жағажайлары бар. Одан бөлек, 190-ға жуық қоқыс жәшіктері алаңдармен бірге ретке келтіріліп,  сенімді басқаруға беріледі.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар