ТАСАРАЛҒА ТОҚСАН ЖЫЛ

17:36, 19 тамыз 2019

Ағыбай батыр ауылы атанған Ақтоғай ауданына қарасты Тасарал ауылына 90 жыл. Мерейтойлық датаға орай өткен салтанатты шара мен спорттық сайыстарды тамашалауға аудан тұрғындарынан бөлек, еліміздің әр аймағынан құрметті меймандар жиылды

Балқаш көлі жағасында орналасқан Тасарал ауылында дүбірлі той арнайы конференциямен ашылды. Алдымен, осы ауылдан шыққан білікті профессор, ғалымдар сөз алып, Тасарал тарихынан сыр шертті. Шараға арнайы келген құрметті мейман   сенатор Рысқали Әбдікеровте тасаралықтарды мереймен  құттықтады.

Рысқали ӘБДІКЕРОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Тасарал ауылы өркендеп, өрісін кеңейткен елді-мекен. Үйлер салынып, үйлер жаңартылып, халықтың табысы артқан. Тоқсан жылдығы тойланып отырған ауылдың болашағы зор.

Мыңдаған халықтың басын қосқан шарада Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова сөз алып, ауыл экономикасын арттырудағы оң қадамдарға тоқталды. 90 жылдық датаға орай ақ тілегін білдірген аудан әкімі жергілікті мәдениет үйіне қажетті жабдықтар алуға 1,5 миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Салтанат ӘБЕУОВА, Ақтоғай ауданының әкімі:

-Баршаңызды ауылдың 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Ауыл белсенділері, кәсіпкерлері мен азаматтары ұйымдастырып отырған мерейтой құтты болсын.

Мәдени танымдық кештен соң түрлі спорттық сайыстармен өрнектелген жарыстар басталды. Алдымен, жігіттер қой көтеруде сынға түсті. Иығына еңсерген қойды 100 мәрте көтеруге дейін барған қарымды азаматтардың тартысы халық қолдауынан табылды.

Тасаралдықтар ауыл іргесіндегі Балқаш көлі жағалауында «Суда жүзумен» «Қайыкпен жарыста» да талайды тәнті етті. 1 шақырым  қашықтық бойынша суда ескек есуден  Азамат алдына жан салмады. Оның өзге қарсыластары жұптасып ескек ессе, бір өзі жеңісті қолдан бермеді.

Нұрлан САҒЫНДЫҚОВ, қайықпен жүзуден жарыс жеңімпазы:

-Той құтты болсын облыс көлемінде атап өтіліп жатқан. Бірінші орын аламын деп ойламадым. Ауыл тойы жақсы өтіп жатыр. Көңілден шығуда. Тамаша!

Қазақша күрес пен түйе палуан сайысын да көпшілік тағатсыздана күтті.  Алдымен, жеңіл салмақта сынға түсендер арасында үздіктер анықталды. Ал, боз кілемдегі бәсеке соңын түйе палуандар қорытындылады. Финалдық белдесуде Асыл Бәрменов пен Олжас Шынкеев тартысқа түсіп, есеп айырмасы бойынша Олжас бас жүлдеге ие болды.

Олжас ШЫҢКЕЕВ, түйе палуан сайысының жеңімпазы:

-Жеңіс оңай болмады. Қарсыласыммен он жылдан бері сайыстарда қарсылас болып келдік. Бағым жанып, жеңіке жеттім. Әке-шешеміз осы ауылдың тумасы. Тасарал тойы құтты болсын.

Тасарал ауылының 90 жылдығы түйе жарыспен де дараланды. Нұр-Сұлтан, Қостанай, Ақмола, Көкшетау өңірлерінен келген меймандар Нар түйені тізгіндеген сайыскерлердің бәсекесіне таңдай қағысты.  Ал, топ ішінен оза шапқан Жансерік Хамит болса, жеңісім Тасаралдың тоқсан жылдығына тартуым дейді.

Жансерік ХАМИТ, түйе жарысының жеңімпазы:

-Аламан жарысы жақсы ғой. Бірақ, түйе одан да жақсы.  1,5 км шауып, бірінші келдім.

18 шақырым қашықтық бойынша өткен аламан бәйге де қызыққа толы болды. Бірнеше аудан, ауылдардан әкелінген тұлпарлар тұяғы тоқсан жылдық тойды дүбірге бөледі.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ, тілші:

-Аламан бәйге де делебесі қозбайтын қазақ жоқ. алайда, тасаралдықтар түйе жарыспен де талайды тамсандырды. Осылайша, Тасаралдың тоқсан жылдығы мерекелік шаралармен басталып, ұлттық спорт түрлері ұлықталды. Нәтижесінде, «Ауылым-алтын бесігім» деп атойлатқан ағайын ауыл өмірін бір асқақтатып тастады.

Ауылдың тоқсан жылдығы аясындағы жарыстың барлық үздік үштіктен көрінген жеңімпаздары ақшалай сыйлықтар мен қомақты жүлделерге ие болды. Мысалға,аламанда бас жүлде иемденген шабанжозға мотоцикл сыйға тартылса, өзге де қатысушыларға тұрмыстық жабдықтар, 50-200 мың арасындағы сертификаттар табысталды. Одан өзге, шараның өтуіне ұйытқы болған бір топ ауыл азаматтары алғыс хатпен марапатталды.

Осы күні өткен шараның қорытындысы кешкі жалпы халықтық бимен түйінделген отшашумен аяқталды. 

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар