ТАСАРАЛДЫҢ ТОҚСАН ЖЫЛДЫҒЫНА ТАРТУ

15:16, 19 тамыз 2019

Ақтоғай ауданына қарасты Тасарал ауылына тоқсан жыл. Сондай-ақ, ауылдық білім ошағының құрылғанына 85 жыл

Бұл Тасарал жалпы білім беретін орта мектебі. Биыл 85 жыл толып отырған білім ошағы қабырғасына мектеп іргетасының негізін қалаушы Боқай Найманбаевтың құрметіне ескерткіш тақта қойылды.  Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі Найманбаевтың  құрметіне ескерткіш тақтаның қойылуы тегін емес. Ширек ғасыр бойы аталмыш мектепті басқарып, жабылу алдында тұрған білім ошағының ісін жалғастыруға еңбегі сіңген. Аталмыш шарада, Боқай Найманбаевтың жақындары  сөз алып, жасалған құрметке өз алғыстарын білдірді.

Махмұт НАЙМАНБАЕВ, Б. Найманбаевтың ұлы:

-Халқыма рахмет айтамын. Үнемі ол кісінің еңбегін, қалдырған ізін айтып отырады. Осылай ұмытпағандары біз үшін қашанда мақтаныш.

Қуандық САПАРОВ, профессор:

-Осы мектептің 1957 жылғы түлегімін. Мектепті жаңадан салды. Жаңартты. Мектеп сапалы білім берді. Қазір мектепті аралап көрдік. өте тамаша, барлық мүмкіндіктер бар.

Алыс-жақыннан келген білім ошағының бұрынғы түлектері, ардагер буын 85 жылдық білім ошағынан сыр шертіп, мектептің қазіргі тынысымен танысты. Замануи үлгідегі озық жабдықтармен қамтылған оқу орны үшін Боқай Найманбаевтың мемориалды тақтасының орнатылуы тасаралдықтар үшін   үлкен мақтаныш дейді, мектеп басшысы.

Ғалия БАЛТЫШЕВА,  Тасарал жалпы білім беретін мектептің директоры:

-Биыл 13 бала мектеп табалдырығын аттайды. Қазір жыл сайын оқушылар саны артып келеді. Мектептің бұрын бітірген түлектері арқасында көптеген шаралар, жұмыстар атқарылуда.

Балықшылар атындағы саябақтың ашылуы да тасаралдық тұрғындар үшін қуанышты жайт болды. Ақтоғай ауданы әкімі Салтанат Әбеуова, шараға арнайы келген Сенатор Рысқали Әбдікеровтер лентасын қиып, салтанатты түрде қолданысқа берілген саябақ ауыл сәнін аша түсті.

Балықшылар атындағы саябақты «Туған жер» бағдарламасы аясында Тасарал ауылының тұрғындары жасап отыр. Мұнда, ауылдың кішкентай бүлдіршіндері үшін ойын алаңы орнатылып, қажетті құрылғылар қойылған. Жаңадан ашылған саябаққа алғаш болып ауыл балғындары қуанды.

Осылайша, Тасарал ауылының тұрғындары қос қуанышты зор қуанышпен, ыстық ықыласпен қабылдады.

Сағынжан АМАНЖОЛОВ,  еңбек ардагері:

-Бұл балықшылар ауылы. Саябақтың аты да осылай аталуы тегін емес. Балық шаруашылығы халықтың күн көрісі болғанымен өзге де шаруашылықтар жетерлік.

Міне, бұл ауылдағы ағайынның «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде айтулы датаны атап өткен игі шарасының көрінісі. Алдағы уақытта, ауыл халқы саябақ аумағын кеңейтіп,  халықтың тынығу орынына айналдырмақ ниетті.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар