ТАРТЫСТЫ ДОДА

12:17, 14 қаңтар 2020

Қарағандыда үстел теннисінен ҚР жекелей командалық чемпионаты басталды. Тартысты додада еліміздің барлық облыстарынан келген 25 команда бас қосты

Шеберлігін шыңдаған спортшылар мен шәкіртінің бабын келістірген жаттықтырушылар үшін бүгін – аса жауапты күн. Ептілігін еселеген әр қатысушының көздегені біреу – жеңіс тұғырынан көрініп, ұлттық команда сапында өнер көрсету. Осы ретте маңызды сын алдында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек сайыс қатысушыларына  сәттілік тіледі.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

-Құрметті жарысқа қатысушылар, Қарағанды облысына, қаласына қош келдіңіздер! Бізге бұл спорт түрі ерекше жақын. Қарағандыдан кезінде көптеген спортммендер шыққан, әлі де бар. Сондықтан, ең бастысы сіздерді осы чемпионаттың ашылуымен құттықтаймын! Сарыарқа жеріне қош келдіңіздер!

Доданың салтанатты ашылу рәсімінде жас та болса бір басына жетерлік жетістігі бар Алан Құрманғалиев те болды. Спортшы енді ресми түрде үстел теннисінен Қазақстандағы ең жас спорт шебері атанды. Бұл атақ 13 жасар жасөспірімге Таиландта, Оманда және Қытайда өткен турнирлерде жеңіс тұғырынан көрінгені үшін берілді. Мектеп оқушысы 7 жасынан бастап үстел теннисімен кәсіби түрде айналысуда. Бүгінде болашақтағы жоспары айқын, ол – Олимпияда шыңына көтеріліп, алтыннан алқа тағыну.  

Алан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,  үстел теннисінен спорт шебері:

-Мен бұл атақты аралас ойындарда жеңіске жеткенім үшін алдым. Серіктесім жақсы болды. Осылайша, жеңіс тұғырынан көріндім.Бүгін жалпы командалық ойын.

Қарағандылық теннисшілердің жетістігіне Ұлттық команданың бас бапкері Эльмира Алиева да өз бағасын берді.

Эльмира ӘЛИЕВА, үстел теннисінен ұлттық команданың бас бапкері:

-Қарағандының үстел теннисі мектебі еліміздегі мықты командалардың бірі. 15 жыл бойы қыздар құрамасы бірінші болды. Ұлттық команда сапында да Қарағандылықтар көп.

Бұл күні 180 – ге жуық еліміздің түкпір – түкпірінен келген үстел теннисінің шеберлері жеңісті сарапқа салды. Олардың қатарында Шымкенттік Жасұлан Несбай да бар. Оңтүстік шаһардың тумасы аталмыш спорт түрімен он жылдан бері айналысып келеді.

Жасұлан НЕСБАЙ, чемпионат қатысушысы /Шымкент/:

-Бұл жарысты жылына бір рет күтеміз. Осы жарыста бар күшімізді салып, жүлделі болуға тырысамыз. Алдын ала сборда болып, дайындалып келдік.

Осылайша спортшылар ұлттық құрама сапына іріктеу кезеңінің соңғы сатысын еңсерді. Алда оларды наурыз айында Оңтүстік Кореяда өтетін Әлем чемпионаты күтіп тұр.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ, Еркеұлан ТОЙБОЛДИН, Рустам БЕКОВ, Аман ХАМИТ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар