ТАБИҒАТ ТАЗАЛЫҒЫ - ХАЛЫҚ САУЛЫҒЫ

16:01, 19 қараша 2020

Қарағанды облыстық экология департаменті табиғатты қорғау, экологиялық мәселелерді шешуге арналған 2020-2024 жылдарға жол картасын әзірледі. Жобаны іске асыруға екі жүз сегіз миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылып отыр. Бұл туралы мамандар брифингте мәлімдеме жасады

Өңірде ластаушы қалдықтарды ең көп шығаратын "АрселорМиттал Теміртау" АҚ екен. Мамандар жол картасында осы кәсіпорынның эмиссиясын бес жыл ішінде төмендету бойынша бірқатар мәселелерді қарады. Негізі олар 31 пайызға төмендеуі керек. Алайда, қазіргі кезде шығатын қалдық 60 мың тоннадан асады.

Қанат МҰСАПАРБЕКОВ, экология департаментінің басшысы:

- Бұл төмендеудің негізгі үлесі жылу және электр энергиясы өнімдерінің негізгі түрлерін қоспағанда, жаңа газ тазартқыштар салумен және сұйытылған газ бен қатты отынды табиғи газға ауыстырумен ТЭЦ-ПВС, ТЭЦ О-2 қазандық жабдықтарын қайта жаңарту бойынша іске асырылады.

Экологиялық жағдайды жақсарту бойынша басқа да қалалалардағы өнеркәсіп орындарында да тұрақты жұмыс жүргізілуде. Мысалы, Жезқазғанда тұрғын үйлерді , әлеуметтік және өндірістік нысандарды газдандыру, кәріз тазарту құрылыстарын салу, көгалдандыру сынды жұмыстар қызу жүріп жатыр. Мамандар алдағы уақытта мысты шаһарда  биоэлектрстанция салуды жоспарлап отыр.

Бахтияр САНБАЕВ, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Жол картасына жалпы сомасы екі жүз сегіз миллиард теңгеден асатын 57 іс-шара енгізілді. Оның ішінде кәсіпорындардың өз қаражаты – 170 миллиард, республикалық бюджет – 24 миллиард, халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз қаражаты – шамамен 14 жарым миллиард. Облыстық бюджет-260 миллион теңге. Жоспарға сәйкес, алдағы 5 жылда экологиялық қалдық шығарындылар 106 мың тоннаға азайтылуы тиіс.

Департамент өкілдері көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы да айтып өтті. Экологиялық рұқсаттама беру үшін мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу міндетті. Мұны арнайы сараптамалық кеңес жасайды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін олардың құрамына "Адалдық Алаңы" жобалық кеңсесі де бірлесе жұмыс істейді.

Қанат МҰСАПАРБЕКОВ,  экология департаментінің басшысы:

- (Facebook, Instagram) Департаменттің әлеуметтік желілерінің ресми парақшаларында есепті кезеңде (тоқсан, жартыжылдық, жыл) көрсетілген. Мемлекеттік қызметтерге қатысты қызмет көрсету мәселелері бойынша Департаменттің мекенжайына келіп түскен шағымдар бойынша мемлекеттік қызметтердің санын қамтитын ақпарат жарияланады.

Айта кету керек, облыс әкімі жанынан Қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі кеңес құрылды. Онда экологияның ең өткір және проблемалық мәселелері бойынша шешімдер қарастырылатын болады.

Жаннұр СҮНДЕТУЛЛАҚЫЗЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар