«СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ»

16:31, 24 мамыр 2018

Қарағанды қаласында 2000-нан аса мектеп бітіруші түлек үшін соңғы қоңырау соғылды

Салтанатты шарада олар білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғысын білдіріп, алтын ұяларымен қоштасты. Қимастық пен қуанышқа толы күні талапкерлерді шаһар басшысы Нұрлан Әубәкіров құттықтап, ақ жол тіледі.

Қаламыздағы Жастар спорт алаңы бүгін егемен еліміздің болашағы болуға талпынар жастарға толы. Әрқайсысы үкіліген үмітті ақтауда асқақ арманды арқалауда. Оқушыларды бүгінгі мерекемен  алғаш болып қала әкімі Нұрлан Әубәкіров құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Нұрлан ӘУБӘКІРОВ, Қарағанды қаласының әкімі

Құрметті түлектер үлкен өмірге аяқ басқан қадамдарыңыз құтты болсын. Сәт сапар сіздерге.

Балалық шақты артқа тастап, үлкен өмірге қадам басқанның бірі  – Айдана Хасенова.  Ол - Сүлейман Демирел атындағы университетке түсіп, IT мамандығы бойынша білім алмақшы. Жаратылыстану-математика пәнін тандаған Айдана қазірдің өзінде 134 балл жинап, жақсы көрсеткіш көрсетіп жүр.

Айдана ХАСЕНОВА,  №39 гимназияның түлегі

Ата-анамның үмітін ақтап, өзім армандаған оқу орынына түссем екен деген тілегім бар. Енді қобалжу әрине бар, бірақ, дайындалып жатырмыз.

16 гимназияның түлегі – Ақбота Аристанова да үздік оқушылардың бірі. Ол - ата-анасы мен ұстаздарының сеніміне селкеу түсірмес үшін  дайындықты үдеткенін айтады. Қобалжу мен қуаныш бірге келетін бұл күнді асыға күткенін де жасырмайды.

Ақбота АРИСТАНОВА, №16 гимназияның түлегі

Мектепті бітіргенімізге сене алмай тұрмын. Өте жақсы әсердемін. Мектебімді сағынатын боламын.

Соңғы қоңырау соғылды. Енді алған білімдерін олар ұлттық бірыңғай тестілеуде сынайды.  Биыл бұл емтиханға  шаһардан 1684 бала қатысады. Олардың 66-сы «Алтын белгіге», ал 46 түлек үздік аттестатқа үміткер. Жиында дәстүр бойынша түлектер төменгі сынып оқушыларына ізге тілектерін білдіріп, оқуда озат болуларын айтты.

Айдана ДАСТАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар