«СҰЛУ ЖЫРДЫҢ СҰҢҚАРЫ-СӘКЕН»

15:40, 11 қазан 2019

Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы селосында «Сұлу жырдың сұңқары-Сәкен» атты 1-ші республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Мәдени шара ұлттық ән өнерімізді жастар арасынан кеңінен насихаттау мақсатында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр

Мәдениет үйіне кіреберіс фойеде «Рухани жаңғыру- ұлттық өнердің асыл мұрасы» атты қолөнер бұйымдарының көрмесі  ұйымдастырылған.

Сазды сахна шымылдығы аудандық халық театрының «Сәкеннің арманы» драмасынан үзіндімен ашылды.

Ақсу-Аюлыдағы 1-ші республикалық әншілер байқауына өнердің биігінде жүрген дәстүрлі әндерді шебер орындаушы   20 жас қатысып, сазды сахнаны әуелеген ән әлеміне бөледі. Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отырған бұл шырайлы шара  ақиық ақын, қоғам қайраткері  Сәкен Сейфулиннің  125 жылдығына арналған. 

Марат ЖАНДӘУЛЕТОВ, Шет ауданының әкімі:

-Бірінші республикалық байқауға республиканың түкпір-түкпірінен үміткерлер келіп, қатысып отыр. Және де Қытай халық республикасынан бір үміткер келіп қатысуда. Барлық азаматтарға сәттілік тілеймін. Алғыс айтамын. Өнердің биігіне өрлей берсін!

Бес сағатқа созылған байқаудың негізгі мақсаты - жастардың рухани мәдениеті мен шығармашылығын дамыту, жастар арасында тәжірибе алмасу мүмкіндігін қалыптастырып, дәстүрлі ән өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру. Жастарды Сәкен Сейфуллинннің шығармаларын жан-жақты насихаттауға, рухани құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу дейді, Сәкен Сейфуллиннің жиені «Ұлағат» қазақ тілі қоғамының төрағасы Ертай Жәнібеков.

Ертай ЖӘНІБЕКОВ, «Ұлағат» қазақ тілі қоғамының төрағасы /Шет ауданы/:

-Сәкеннің жырын оның прозалары мен поэмаларын романдарын оқып өстім. Байқау бұл жастар жылына орай болып жатыр. Жоғары дәрежеде өтіп жатыр. Бұл өте қуанышты жағдай және үлкен өнер мерекесі деп ойлаймын.

Дәстүрлі әнді орындаушылар байқауы – ұлттық өнеріміздің, әдет-ғұрпымыздың мәртебесін биіктететін өнер додасы. Осы жолғы  байқауда  әділ қазылардың шешіміне сәйкес Сәкеннің «Тау ішінде», халық әні «Ғайниді» тамылжыта шырқағаны үшін бас жүлдеге Жақсыкелді Маясаров ие болды. Ол 250 мың теңгенің сертификатына қол жеткізіп, арнайы дипломмен марапатталды.

Жақсыкелді МАЯСАРОВ, дәстүрлі әнші «Нұр-сұлтан» қаласы:

-Алланың қалауы мен бас жүлдені жеңіп алдым. Қатты дайындалдым. Осы шараны ұйымдастырған аудан әкімдігіне, әділ шешім қабылдаған әділ-қазылар мүшелеріне айтар алғысым шексіз. Сондай-ақ, барлық қатысушы конкурсанттарға сәттілік тілей отырып, рахмет айтамын.

«Сұлу жырдың сұңқары-Сәкен» атты республикалық ән байқауында Сәкеннің «Тау ішінде», «Гаухартас», «Көкшетау», «Смет», «Біздің жақта», «Бұлбұлым» тағы басқа әндері орындалды.

Жақсыкелді КЕМАЛОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

-Байқауға белгілі әншілер қатысып жатыр. Өте жоғары дәрежеде өтті. Шешім өте дұрыс деп ойлаймын. Барлығына шығармашылық шабыт тілеймін.

Байқау барысында өнер көрсеткен  барлық  қатысушыларға Арнайы дипломдар мен Алғыс хаттар және арнайы сертификаттар табысталды.

Сейітқали ӘШІМ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар