СПОРТТЫҚ САЙЫСҚА ӘЗІРЛІК

16:04, 20 мамыр 2020

Төтенше жағдай кезінде қаңырап қалған спорт алаңдары, енді қайта жандана түспек. Нақтырақ айтқанда, спортшыларға жаттығу секцияларына баруға рұқсат етілді. Карантин режимінде жаттығу жиындары қалай өтеді? Қандай сақтық шаралары қолданылады?

Андрей Крейстің өмірі – велосипедпен тығыз байланысты деуге болады.  18 жасар бозбала велоспортпен 8 жылдан бері айналысып келеді.  Осы уақыт аралығында  ауыз толтырып айтар жетістіктері жетерлік.  Соның бірі, Индонезияда өткен Азия ойындарының қола жүлдегері атануы.   Жас спортшы біршама үзілістен соң, жаттығу залына қайта оралғанына қуанышты.

Андрей КРЕЙС, спорт шебері:

- Қуанышымда шек жоқ.  Велоспортқа алғаш барғандай сезімдемін.  Біршама тактика мен тәжірибемді жоғалтып алғандаймын. Алайда күнделікті жаттығу барысында қалпына келтіріп, алдағы додаларға дайындықты да күшейтудемін.

Велоспорттан аға жаттықтырушы Сергей  Ульбрихт, барлық залдар жабық болғандықтан  спортшылар жаттығуға бар күш-жігерлерін салуға мүмкіндіктері болмады- дейді.  Олардың 30 пайызы қалыпты формасын жоғалтып алғаны туралы айтады.. Алайда бұл олқылықтардың орыны толады- деп сендірді, аға бапкер. Себебі республикалық додаларда біздің аймақтың спортшылары үнемі  алдыңғы шептен көрініп келеді.

Сергей УЛЬБРИХТ, облыстық велоспорттан аға жаттықтырушы:

- Мұнда берілген тапсырмалар қалтқысыз орындалады.  Ал үй жағдайында ше?  Әлбетте, үйде айтарлықтай жоғары деңгейде  жаттығу жасауға мүмкіндік жоқ.  Әйткенмен, бұл- велоспорт қой.  Жаттығу күніне кемінде 6 сағат болу керек.  Біршама тактика мен тәжірибе деңгейі төмендеді. Дегенмен, барлығында қалпына келтіруге болады.

Никита Глебовте - бес жасынан бері, биік шыңдарға өрмелеу спортымен айналысып  келеді.  Ол, әкесінің жолын қуып,  талай додаларда топ жарып жүр.  Биылғы жылы  Никита еліміздегі үздік ондықтың қатарына ілікті.

Никита ГЛЕБОВ, Қазақстан республикасының чемпионы:

-Құзға өрмелеу спортында бастысы ақылға жүгіну керек.  Әрбір қимылыңды байыппен ойлануың керек.Биікке өрмелеу үшін ілгек керек. Егер дұрыс емес ілгекті алсаңыз, құлап кетуіңіңз әбден мүмкін.  Білек күші де маңызды рөл атқарады.  

Әзірге жаттығу өткізетін скалодром жабық тұр. Дей тұрғанмен,   ашық алаңда  жас спортшылар жалпы физикалық дайындықтарын жетілдіруде.  Жаттығу санитарлық талаптарға сай өтіп отыр.

Надежда НЕКРЕЩЕННАЯ,  «Жалын»  спорт мектебінің жаттықтырушысы:

- Жаттығу барысында барлық санитарлық шараларды ескереміз.   Алдымен қолымызды залалсыздандырамыз.  Сондай-ақ ұдайы қауіпсіздік шараларын еске салып отырамыз.  Ата-аналармен де тығыз байланыста болып, балаларды қадағалап отырамыз.

Спортшылар  мен бапкерлер   жуық арада  сайыстарды өткізуге рұқсат етіледі деген үмітте. Себебі жарыстағы рух пен бәсекелестік,  спортшыларды үлкен жеңіске жетелеуге жігер береді. 

Азамат СЕРІКХАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар