Шет ауданында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын

11:04, 25 қараша 2016

Шет ауданының әкімдігі де ауыл шаруашылығында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен еңбек ардагерлері мен мамандарын назардан тыс қалдырмады. Жылы сөздерін арнап, сый-сияпаттарын табыстады

Шет ауданында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын жергілікті өнім өндірушілер ұсынған көрмені тамашалаумен басталды. Одан кейін ауыл еңбеккерлеріне ақ дастархан жайылып, бар ғұмырын агроөнеркәсіп саласына арнаған азаматтарға құрмет көрсетілді.

Ізгі тілегін жеткізген соң мәслихат хатшысы еңбегі ерекше азаматтарға ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс пен аудан әкімінің құрмет грамоталарын табыстады.

Шет өңірінде  шаруасын шалқытып жатқан қожалықтардың бірі «Құлагер» қожалығы. Асыл тұқымды арғымақтар санын көбейтумен айналысады. Бүгінде мұнда екі жүзден астам жылқы бар. Он бес адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық иесі Әдікен Сексен де салтанатты шарада марапатқа ие болды. 

Шет ауданының диқандары биыл егін жинау науқанында мол өнім алып, жоспарды екі есеге орындаған. Осы ретте егінді шашау шығармай қамбаға мерзімінде құйған еңбек ұжымдары мен шаруашылық иелерінің жұмысын атап өткен жөн.  Қазіргі таңда ауданда ірі қара саны қырық мыңға жуықтап, жылқы басы жиырма мыңнан асып жығылған. Сүт өнімдері де көптеп саудаға шығарылған.  Ауданда 1200 қожалық  бар.

Ауданның дамуына ерен еңбектерімен үлестерін қосқан жандарға жергілікті өнер ұжымдары әсем әндерін, көркем билерін арнады.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар