Шет ауданына қарасты Дәрия кентінің 80жылдығы тойланып, мерейтой құрметіне ұлан-асыр ас берілді

16:30, 25 шілде 2016

Жергілікті жұрт мәре-сәре болып, спорттық сайыстардан бабы мен бағын ортаға салды. Ат шаптырылып, жапан даланың жазық төсі дүбірге бөленді.

Дәрия кенті  1936 жылы құрылған. Бұл жерде қазір 1000 жуық адам тұрады. Ауыл адамдары  қаланың қым-қуыт тірлігіне қызықпай,жылы орнын суытпай қоныс аудармаған. Бастысы ынтымақ бірлігі жарасқан  142 үйдің түтіні түзу, тірлігі тату.Әлеуметтің  алпыс пайызы темір жолдың бойында жұмыс жасайды.Қалғаны егін егіп қамбасын астыққа толтырып, кейбіреуі мал бағып ырысын молайтып отырған жайы бар. Сексен жылдағы кенттің дамуы мен қол жеткізген жетістіктерін Шет ауданының әкімі барынша атап өтті.

Аймақтың өрлеуіне сүбелі үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматттарды аудан басшысы құрмет грамтолармен марапаттады.

Тойға жиналған  халықтың санында есеп жоқ. Үлкен-кішінің жүзінен шат күлкі мен шаттықтың лебі есіп тұр. Ақсақалдар мен ел ағалары  туған жерге деген сағыныш сезімін өрнекті  өлеңмен өрді.

Ал ауылдың аспанын нәзік назбен әсем сазға  бөлеген мерекелік шаралар да ағайынға  керемет әсер сыйлады. «Ғұмыр» триосының жігіттері де әуезді әндерімен  коцерттің көркін қыздыра түсті. Серілердің өнер сахнасының баспалдығын аттағанына екі жылдың ғана жүзі болыпты.

Кентте он бес ұлттың өкілдері еншілері бөлінбей, бейбіт өмір сүруде.Көпті көрген қазыналы қариялары үнемі жастарға бар білгендерін айтудан еш жалықпайды.Әр жанұядан өрбіген үрім бұтақтары жеке- жеке ақ шаңқаң киіз тігіп тастаған. Бұл күні барша әулеттің  аста-төк  ақ дастарханы  бір жиылған жоқ.

Өлкенің жалынды жастары мерекенің бел ортасынан табылды. Қара тасты ортасынан қақ бөлетін әлді де білекті жігіттер қой көтеруден жарысты.

Ептілері кір тасын кілт көтергендей көрмеді. Білектілері болса қол күрестіріп, қарымын сынасып жатты. Апайтөстері боз кілемде бір- бірін  алып та-шалып та жықты.Түстен кейін жер тарпыған сәйгүліктер бес шақырымдық аламан бәйгеде дала төсін дүбірлетіп, тақымы тастай қара домалақтар аударыспақ ойнады.

Бұл біз түсіріп қайтқан берекесі балқыған, ырысы шалқыған Дәрия. Көп екен бұл жерде ақылы азық, сөзі сусын қария.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар