ШЕРТПЕ КҮЙДІҢ ШЕБЕРІ

16:00, 9 шілде 2019

Қарағандыда шертпе күй бойынша бірінші фестиваль өтті. Жанға рухани азық болатын кешке домбыраның құлағында ойнайтын күй шеберлері қатысты

Достық үйінде өткен «Ұлы дала перзенті» фестивалі күйші және композитор Сембек Айдосұлының 155 жылдығына арналған. Тағылымы мол шарада  өнертану ғылымының докторы Ардаби Мәулетұлы және күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбаевтар сөз алып, Сембек Айдосұлының төл туындыларын орындады.

Қайролла СӘДУАҚАСОВ, «Күй керуен» шертпе күй орталығының жетекшісі:

-Осы фестивальдің өтуін  ұзақ күттік.  Сарыарқа күйлері мектебін кеңінен насихаттау және шертпе күй мектебін дамытуға да бір көмегі болары сөзсіз.  Жастар арасында домбырада ойнауды танымал ету және ұмыт қалған және белгісіз күйлерді жарыққа шығару.

Өнер қайраткері Болат Тәкішев, сондай-ақ дәстүрлі нақышта орындайтын әншілер Медет Осатаев пен Айгүл Бақторазқызы да салтанатты шараның сәнін күймен көркемдеді. Ал, Қарағанды жұртшылығы өз тұлғаларын ұмытпай, ұлықтап жатқанына Сембек Айдосұлының ұрпақтары ризалығын білдірді..  

Қайдар САРИН, С.Айдосұлының шөпшегі:

-Мен Сембек Айдосұлының шөпшегі боламын. Өкінішке орай, оның көптеген туындылары бізге жетпеді. Сақталғандарын тыңдаушыларға жеткізуге және насихаттауға тырысамыз. Оның домбырасы Камель Жүнісовтың үйінде сақталған. Біз әкімшіліктің және Мәдениет басқармасының осындай фестивальді ұйымдастырып, бізді қолдағанына өте қуаныштымыз.

Композитор және күйші Сембек Айдосұлы онға жуық күйдің авторы.  Домбыра күніне орайластырылған кеште қарағандылық тыңдарманға  оның күйлері орындалып, халық риясыз қошеметін білдірді.

Ерлан ҚҰСАЙЫН, «Қоғамдық келісім» КММ директоры:

-Бұл фестивальдің маңыздылығы ерекше. Бүгінгі жастарымызды ертеңгі өнерді алға сүйреуге деген қадамдарын нығайтуға, дұрыс бағыт беруге таптырмас шара. Осындай кештер мен маңызды шаралар жас ұрпақтың бойына рухани азық болар еді.

Фестивальдің өтуіне облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы ұйытқы болған. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірімзде алдағы күндері Ұлттық Домбыра күніне арналған тағы бірнеше шара өтетінін айта кетелік.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар