АБАЙ АУДАНЫ. СӘЛЕМ, НАУРЫЗ!

16:21, 22 наурыз 2019

Абай ауданында жыл басы «Әз-Наурызды» тойлаудың тың бастамасы қалыптасып келеді. Бұл күні аудан жұртышылығы алдымен аз қамтылған отбасыларға жеке-жеке сый-сияпат жасап, кейін орталық алаңда атойлап тұрып тойлайды. Мерекеде тігілген киіз үйлердің әр-бірі қазақ зиялыларының атымен аталған ауыл болып, ал, онда келем деушілердің әр-біріне есік айқара ашылады

Ақ көйлекті ару қыз - алапат аяз бен ақтүтек боранды суреттеп тұр. Бірақ , наурыз келісімен айнала гүл көктемге оранып, ақыры қыстың сызын қалдырмай жеңіп шығады. Шебер қойылған сахналық көрністен осыны анық байқауға болады. Осы сәтте қиыр жайлап шет қонған, ырыс дарып бақ қонған, құтты мекен гүлдей жайнап қоя береді. Бұл күні халықтың бір-біріне деген ыстық лебізі самалдай есті.

Наурыз жылдың басы! Сондықтан көпшілік жыл басынан жылулық, жақсылық күтетіні рас. Тіпті жақсы сөз - жарым ырыс деп, бір-біріне ыстық лебіздерін айтады. Бұл күні Абай ауданының әкімі де халқына жүрек жарды ықласын білдірді.

Бауыржан АСАНОВ, Абай ауданының әкімі:

-Қымбатты жерлестер, жақсылықтан , парасаттан бастау алған наурыз мерекесі құтты болсын. Осы бір шақта сіздерге бар жақсылықты тілеймін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Мерекелік шараға ауданның барлық үздік деген өнерпаздары іріктеліп шақыртылды десе болады. Ал, шараның басты қонағы , ерекше өнер иесі әнші Бауржан Исаев болды.

Бауржан ИСАЕВ, ҚР мәдениет қайраткері, әнші:

-Осы Сарыарқа жеріндегі Абай қаласына бірінші рет келдік. Осындай керемет қала мен тұрғындарына риза болдым. Өте жақсы концерт, қойылым өтті. Талантты жастарға бай қала екен. Осы Абай тұрғындары мен барша қазақстандықтарды мен  құттықтаймын, мереке құтты болсын ағайын!

Аудан халқының бұрынғымен салыстырғанда ұлттық дүние таныммен қазақи дәстүрге бет бұрғаны анық байқалады. Мұны  әр-бір киіз үйде көрстілген салт-дәстүрлерден аңғару қиын емес. Мысалға білім бөлімінің алты қанат ақ ордасында табақ тарту, ет бұзу, тіпті айтыс өнері айрықша шеберлікпен жеткізілді.

Наурызбай ЫБЫРАЙ, Абай қаласының тұрғыны:

Негізінен қазақ баласы қой болсын, ірі қара болсын, балталамай, мүшелеп беруді білу керек. Бұл біздің дәстүр.

Ауқымды мерекелік шараға ауданның мыңдаған тұрғыны келіп мейманы болды. Мұнан бөлек қазақ күресінен аудандық жарыс ұйымдастырылған. Мерекелік шара жәрмеңкемен жалғасын тапты.  Жалпы Абай ауданы тұрғындарының ауыл шаруашылығы мен білім саласында  мақтап айтар жетістіктері жетерлік. Сондықтан тұрғындардың басым көбінің пікірі «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» дегенге саяды.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар