СӘКЕН ТОЙЫНА ӘЗІРЛІК

17:34, 13 тамыз 2019

Биыл белгілі ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл. Осы мерекеге орай арнамыздың түсірілім тобы ақынның елордадағы мұражайы мен туған жері – Қарашілік қыстағына барып қайтты

Бұл жан сұлулығына сырт келбеті жарасқан қазақтың Сәкені туып өскен Қарашілік ауылы. Ақын жырлап өткен арқаның ақ самал желі ескен, құлын-тайлар жайлауында тебіскен Ортау осы. Сейфуллин мұнда он жасқа дейін тұрған.

Сәулет РЫМБЕКОВ, С.Сейфуллиннің туысы:

-Міне қазір біздің келіп тұрған жеріміз Сәкен бабамыз жырлап өткен Ор, Оба, Есен, Нұра жерім еді, Қуандық қара Тоқа елім еді деген Сәкен бабамыздың туған жері, кіндік қаны тамған Қарашілік жері. Мынау маңайдың бәрі Ордың таулары. Оба төменгі жақта орналасқан.

Ақынның бозбалалық, жастық шағы өткен жері -    бұрынғы Ақмола, қазіргі елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы. Шығармашылық шыңдалған тұсына да куә болған осы шаһар. Мұнда Әуезов көшесінде ақын өмір сүрген жылдардан бері сақталып келе жатқан екі үй бар. Кезінде Сәкен сері осы жерде жұмыс істеген. Қазір бұл Сейфуллин мұражайы. Бұл жерде ақынның жеке заттары, қолжазбалары, фотосуреттері, марапаттары  асқан ұқыптылықпен орналастырылған.

Арай ТАЛҒАТҚЫЗЫ, С.Сейфуллин мұражайының қор сақтау бөлімінің басшысы:

-Жалпы музейде 6000 нан астам экспонат бар. Оның 2000 нан астамы негізгі қорда болса, 3000 нан астамы қосымша қорда сақталған. Яғни сол құнды жәдігерлеріміздің қатарында алғаш 1914 жылы жарық көрген өлеңдер жинағы шыққан болатын. «Өткен күндер» деген атаумен. Қазан қаласында шыққан. Сол жинағы қазір біздің музейдің төрінен орын алып отыр.

Мұражайда әсіресе Сәкеннің мемлекеттік қызметте жүрген кездегі еліне сіңірген еңбегін растайтын құжаттар көптеп сақталған. Мұрағатта С.Сейфуллин Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы қызметін атқарған кездегі шығарған мемлекеттік маңызы жоғары бұйрық, жарғыларды көруге болады.

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:

-Ал енді сол кездегі ол кісінің оқу-ағарту жөніндегі істеген жұмыстары өте көп. Сол кездегі республиканың бюджеттің 50%-дан артығы оқу ағарту саласына жіберілген. Сол кезде барлық жерлерде мектептер ашылып, сол кездегі қазақтың талантты жастары Мәскеуге, Петербурге, Омск, Томск қалаларына ылғи жастарды жіберген оқытуға, мамандық алуға. Міне сол кездегі кейінгі  атақты ғалымдар шыққан, жазушылар шыққан.

Айта кетейік, биыл Сәкен мерейтойымен қоса жазушының туған ауданы Жаңаарқа да өзінің 90-жылдығын атап өтеді. Қос мерекені аудан жұртшылығы  қыркүйек айының 12,13,14-і күндері тойламақ ниетте. Бұл шара жыл соңына дейін республика көлемінде жалғасады.

Сәния ОРЫНБАСАР

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар