САЗ БАЛШЫҚҚА АЙНАЛҒАН ЖОЛДАР

16:24, 2 шілде 2020

Таза жолдар қалайша лас және саз балшыққа айналды? Маза қашырған мәселеге алаңдаған комуналдық сала мамандары Қарағанды қалалық мәслихат депутаттарымен бірлесе рейдке шықты.Тексеріс барысында құрылыс нысандарын аралап, жүк көліктеріне арналған жуу алаңдарының бар-жоғын қадағалады

Құрылыс аумағынан шыққан жүк көлігі дөңгелегінен түскен батпақ, таза жолдардың сыйқын қашыруда.  Жол жабынының лас күйге айналуы қарағандылықтар үшін үйреншікті көрініске айналғандай.  Қазірдің өзінде Сәпиев атындағы бокс орталығы маңындағы  жолға тазарту жұмысы әбден қажет-ақ.

Адай ЕСЕМБЕКОВ, «Тазалық Эксперт» ЖШС жол учаскесінің бастығы:

- Оңтүстік-Шығыс секторында құрылыс алаңдары көп. Таза жолдарды осындай күйге жеткізген сазбалшықтар сол аумақтардан шығуда.  Бізге күн сайын тазарту жұмыстарын жүргізіп отыруға тура келуде. Күндізгі және түнгі уақытта да тазартқанымызбен, нәтижесіз. Әсіресе, жауынды  күндері орталық көшелер тіптен ластанады.

Коммуналдық сала мамандары асфальттардың жай-күйі жайында қалалық мәслихат депутаттарына жүгінді.  Бұл ретте халық қалаулылары құрылыс нысандарында жуу алаңдарының бар-жоғын тексеру үшін рейдке шықты.  Көшпелі комиссия ат басын бұрған  құрылыс нысанының бірі -балалар мен жасөспірімдер сарайы.  Участок бастығы мұнда жуу алаңының болғанын айтып ақталды. Алайда, аумақты абаттандыру жұмыстары басталғандықтан тазарту орны ұмыт қалған.

Балалар мен жасөспірімдер сарайынан бөлек, депутаттар басқада бірқатар құрылыс нысандарын аралап-көрді.Өкінішке қарай, олардың ешбірінде арнайы тазарту орындары жасақталмаған болып шықты.

Төлеген ӘШІМОВ,  Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты:

-Құрылыс нормасы бойынша істелген пункт болуы керек. Сол пунктер болмай тұр.  Міне бір жерде ғана машинаның доңғалағын жуамыз дейді. Оның өзінде жәй құбыр шығара салған. Бірақ жуғанын көргеніміз жоқ. Осыны қадағалап қолға алу керек.

Жолдардағы  мұндай сүреңсіз көріністер үшін, арнайы  жаза да қарастырлған.    Мұндай жағдайлар жол қауіпсіздігіне де айтарлықтай әсерін тигізері сөзсіз.  Бұл ретте, тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, хаттама толтыруға толықтай құқылы. Нәтижесінде, ірі кәсіпкерлік субъектілер  83 340 теңге көлемінде айыппұл  төлеуіне тура келеді.

Рүстем СҮЛЕЙМЕНОВ, патрульдік полктің өкілі:

-  Осы тәртіп бұзушылық  Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 630-бабының бірінші бөлігінде қарастырлған. Бұл жол белгілерін, бағдаршамдарды немесе басқада құралдарға нұқсан келтіру, алып тастау және ластау. Жеке тұлғаға 2 АЕК, яғни 5 556 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Депутаттар қалалық құрылыс бөліміне, бас мердігерлермен келісім шарт жасағанда тағы  бір тармақты енгізуді ұсынды.  Онда құрылыс нысандарында жуу құралдарының болуы міндеттелсін - деген тапсырма жүктеді.  Комиссия мүшелері сондай-ақ, қалалық полиция басқармасыда  жолдарда мұндай көріністі болдырмауға ат салысуы тиіс,- деген пікірде.  Яғни, құрылыс нысандарының аумағында ұдайы рейд жүргізуді ұсынды.

Азамат СЕРІКХАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар