САРЫӨЗЕНДІК СУПЕРМЕН

16:21, 13 ақпан 2020

Нұра ауданының Тікенекті ауылында облыстың ең егде волонтеры тұрады. 82 жастағы қария Минниагзам Авлияров қыста қалың түскен қарды темір тұлпарымен тазалайды. Ал көктемгі су тасқыны кезінде өзіне төнетін қауіпке қарамастан көпірді ақұлпадан аршиды. Бұл жұмысына қария ақы талап етпейді

Минниагзам Авлияров таң атысымен тірлігіне кіріседі. Өз үйінен бұрын ауыл аймағын ақұлпадан арылту міндетім деп санайды. Бірақ, бұл іске оны ешкім мәжбүрлемейді. Ақы да төлемейді. Жүрегінің қалауы. ІІІ топтағы мүгедектігі де қарияға кедергі емес.

80-ді еңсегрен ақсақал әлі де тың. Алдымен мектеп, аурухана, мәдениет үйі мен аудан орталығына апаратын жолдарды тазартады. Қарияның бұл қарекетінің арқасында оқушылар мектепке қиналмай жетіп жүр, жедел жәрдем де кедергісіз кіріп шығады. Ал тракторына құятын жанар жағар майдың шығынын да бұлдамайды. Еңбегіне елінен ақы да сұрамайды.

Рамазан ӘБІЛДИНОВ, Тікенекті ауылының тұрғыны:

-Мынаны жанар жағар майға ұстаңыз деп тиын тебен беріп жатсан ол кісі көңіліне алып ренжіп қалады. Ол кісіге ешкім ештене айтпайды. Сұрамайды, өтінбейді. Бірақ ежелден келе жатқан дағдысына салып бораннан кейін тазалап отырады.

Минниагзам   Авлияровтың ұлты - башқұрт. Қазақстанға тың игеру жылдары келген. Ұзақ жылдар бойы Тікенекті ауылында механизатор қызметін атқарды. Қол қусырып отыруды жаны қаламайды. Көктемде көпірлерді тазалайды,өзендегі судың деңгейін бақылап, бөгеттердің бұзылмауын қадағалайды. Ал жазда көмекке мұқтаж отбасыларына тегін  шөп шауып, қысқы азығын жинап береді.

Минниагзам АВЛИЯРОВ, тыл ардагері:

-Ауыл өзіміздікі ғой. Балалар сабаққа келеді. Жол болмаса биттей балаларға қиын ғой. Қар биыл күшті көп түсті. Биыл су көп болады. Көктемде мұның бәрін тазалап су баспайтындай жағдай жасау керек қой. Су тасығанда постоянно судың қасында боламын.

Трактор өте алмайтын, жерді қолына күрек алып омбы қарды күреуден  арланбайды. Тіпті ауыл жастарын ұйымдастырып, балалар ауласын, ғимараттар маңайын ақұлпадан аршиды. 

Гүлбақша  АҚАЖАНОВА, тілші:

-Тікенекті ауылында 30 дан астам волонтер бар. Алайда ауылға қар түскенде ешкім қарап отырмайды. Күллі ауыл болып кіріседі. Жалпы биыл бірнеше рет біз біргеміз акциясы өткізілген. Нәтижесінде ауылда жүріп тұру қиындығы жоқ.

Жерлестерінің де қарияға құрметі бөлек. Атаға атақ та беріп қойыпты - «Сарыөзендік супермен». Былтыр ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев Минниагзам  Авлияровты  «Шапағат» медеаліне лайықты деп таныпты.

Гүлбақша  АҚАЖАНОВА

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар