САПАСЫЗ ЖОЛҒА, КІМ ЖАУАПТЫ?

14:07, 5 шілде 2019

Қалалық маслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері Михайловкадағы жолдардың жай-күйімен танысты. Тексеріс барысында халық қалаулылары жол жөндеу жұмыстарына үстірт қарайтын компанияларды сынға алды

Прогресс көшесінің бойындағы мына жолға үш жыл бұрын су жаңа асфальт төселіп, тұсауы кесілген болатын. Алайда, жолдың бүгінгі жағдайына қарап қарның ашиды. Себебі, осы уақытқа дейін мердігер компания бірде бір рет кепілдік жұмыстарын жүргізбеген.

Нариман есімді жеке кәсіпкер шу шығарған жолды жөндеген компания директоры. 2016 жылы тозығы шыққан жолға жаңа өң берген мердігерге техникалық сипаттамалар бойынша ешқандай сұрақ туындамай, тиісті мекеме учаскіні қабылдап алады. Алайда, үш жыл өткен соң, кепілдік мерзімі біткенде асфальт сапасыз екені анықталған. Бүгінде ол жауапқа тартылды. Мердігердің айтуынша, кепілдік жұмыстарын жүргізуге оған ауа – райының қолайсыздығы ғана кедергі болған.

Нариман ДУМАНОВ, «НьюДорСтрой» ЖШС –ның директоры:

-Ауа райы қолайсыз болды, жаңбыр жауды. Сол себепті біраз кешіктірдік.

Жол сапасына деген тұрғындар назы да қара қазандай. Венера есімді тұрғынның айтуынша, компания жыл сайын көзбояшылық жасап, жыртықтарды жамап қоятын көрінеді. Алайда, мәселе өзегі шешімін таппаған. Халық қарасы қалың ауданда жол қозғалысы көп.   

Венера КАМЕНОВА, жергілікті тұрғын:

-Үнемі авариялық жағдайлар орын алады. Жолды не өте алмайсың, не көлік дұрыс жүре алмайды. Өздеріңіз елестетіп көріңіздерші, бағдаршам жоқ, дұрыс жол тағы жоқ, мына жерде не болатынын. Көліктер бір - біріне соғылып жатады.

Депутаттар мен халық белсенділері жол маманын сынға алып, істі сотқа тапсырмақ. Енді сапасы сын көтермеген асфальт жолға жамау жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін компанияға 7 күн уақыт берілді.

Виктор ОХМАН, қоғамдық кеңес мүшесі:

-Бұл дұрыс емес, жөндеу жұмысын жүргізеді, ал жарты жылдан кейін қорқынышты қалыпқа келеді. Халық әрине сосын наразы болады. Жол жарты жыл ғана сақталып тұру деген норматив ешқай жоқ. Бұл күлкілі ғой. Ал қаржы болса қомақты. Облыс әкімі екі жылдан бері қаражатты құйып жатыр. Бірақ, игерілуі сапасыз болып тұр.

Комиссия мүшелері тексерісті шілденің 12 –сі қайта жүргізбек. Айта кету керек, халық қалаулылары мен қоғам белсенділері алдағы уақытта  қала аумағындағы өзге де жөндеу, қалыпқа келтіру жұмыстарын нысанға алады.

Алтынтөре БУКЕНОВ, Қағанды қаласының мәслихат депутаты:

-Қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттық корпустың өкілдері, әкімшілік полиция, КХ бөлімі және осы мердігер болған компанияның директоры қатысып отыр. Алдымыздағы шілденің 8 нен бастап 12 не дейін осы жолдың жұмыстарын бітіреміз деп келісімге келдік.

Жауапты істі үстірт орындаған мердігерлерді еңді комиссия жіті бақылаудан өткізбек.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар