САПАРЖАЙ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

16:57, 5 қараша 2019

Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы селосында сапаржай бекеті ашылды. Оның құрылыс жұмыстарына 10 миллион теңге қаржы жұмсалған

Сапаржай бекетінің ашылу салтанатына ауданның зиялы қауым өкілдері, көпті көрген көнекөз қариялар мен ақ жаулықты аналар және жасампаз елдің жастары қатысты. Лента қию салтанаты да осы жерде өтіп, арнайы шашу шашылды.

Бұрынғы ескі ғимаратты жөндеу жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталған. Оның сырты және ішкі жөндеу жұмыстарына отандық құрылыс материалдары жұмсалған. Жергілікті мердігер компаниясының құрыш қолды құрылысшылары 5 ай ішінде бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізді. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында  ашылып, пайдалануға берілген бұл  сапаржай бекетіне жергілікті бюджеттен 7 миллион теңге қаражат бөлінген. Оған жеке кәсіпкер Қуаныш Хамитұлы өзінің 3 миллион теңге қаржысын құйыпты.

Марат ЖАНДӘУЛЕТОВ, Шет ауданының әкімі:

-Осы сапаржайдың материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға барлық біздің мекеме басшылары кәсіпкерлер өз үлестерін қосты. Сондықтан барлық тұрғындар атынан аудан басшылығы атынан  осы азаматтарға риясыз алғысымды білдіремін.

Автобекеттің ішінде ата-аналар мен балалар және демалыс бөлмелері мен асхана, билет кассасы мен дәретхана бар. Заманауи үлгіде жөнделген автобекет халық игілігіне қызмет атқаратын болады -дейді, тұрғындар.

Майкен СМАҒҰЛОВА, аудан тұрғыны:

-Бұл сапаржай өте жақсы жабдықталған. Өте заманауи  үлгіде жабдықталған. Ішін аралап көрдік, бәрі тамаша.

Ақсу-Аюлы селосы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Ендігі жерде, сапаржай бекетінен аудандағы 25 ауылдық округтің жетеуіне автобустар қатынап, жолаушыларды тасымалдайтын болады. Автобекет әкімшілігі сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы №2, №3-ші автопарктері мен «Манас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Балқаш автобус паркімен іскерлік байланыс орнатқан. 

Қуаныш ХАМИТҰЛЫ, жеке кәсіпкер:

-Біздің аудан бойынша 25 округ бар. Әзірше, 7 округке автобустар жүргіземіз. Кейін бірте-бірте соған күш салып, басқа да округтерге де жүргізуге күш саламыз. Ақ түйенің қарны жарылған күн бүгін. Халқымыз қуанып жатыр. Қуаныштарында шек жоқ.

Шет ауданының орталығы Ақсу-аюлы Сапаржай бекетінің ашылу салтанаты мерекелік концертпен жалғасты.

Сейітқали ӘШІМ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар